Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Үйінде жүргендей сезінеді": 8 жасар бала ҰҚК теңіз шекара қызметіне қабылданды (видео)

Опубликовано:

Ұлан
Ұлан Төлеуханов. Кадр: Хабар24

Ақтаулық 8 жасар оқушы еліміздегі "ең жас шекарашы" атанды. Ұлан Төлеухановты жуырда ҰҚК төрағасының орынбасары, генерал-лейтенант Дархан Ділманов "Шекара қызметінің үздігі" төсбелгісімен марапаттады. Бүгінде жас өрен Каспий теңізінің аумағын күзетуге үлес қосып жүр, деп хабарлайды Хабар24.

8 жасар Ұланның таңы ерекше басталды. Ол "Сардардағы" топтың бейресми мүшесіне айналған. Жеткіншек командирдің әр тапсырмасын қалт жібермей тыңдап отырады. Себебі, кеменің қозғалысы мен экипаждың қауіпсіздігі соның қолында.

"Кемеде командирдің қызметі қиын деп ойлаймын, ол теңізшілерге тапсырма береді, қателік кетсе қайтадан айтып, істетеді. Қателік болмау керек. Достарым суреттеріме қарап қызығады, медаліме, формама қызығады", - дейді Ұлан Төлеухан.

Ұлан айына кемінде 3 рет осында келеді. Мұнда күні бойы сарбаздарға көмектесіп, түрлі тапсырманы орындайды. Әскери көлікте өзін еркін сезініп, кәдуілгі теңізшілердей әрекет етеді. Ата-анасы да ұлын қолдап отыр.

"Үйінде жүргендей сезінеді. Жас сарбаздармен тіл табысып алған, командирлердің бәрін біледі. Ұлан туғаннан бастап, менімен бірге шекара заставаларына шығып жүрді. Жұмыстан келген уақытта фуражкамды, көйлегімді киіп алады, төсбелгілерімді тағып жүреді", - дейді ҚР ҰҚК ШҚ МО бойынша департаментінің әскери-патриоттық басқармасының аға офицері, Ұланның әкесі Ерсін Қайбуллин.

Айта кетейік, Ұлан "Жас шекарашы" әскери патриоттық үйірмесінің мүшесі. Осында әскери қызметтің алғашқы әліпбиін таныған. Түрлі шараларға атсалысып, департамент ұйымдастырған патриоттық конкурстарға қатысады. Сондықтан да арнайы төсбелгі алып, экипаж мүшесі болуға мүмкіндік алған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1938612-uiinde-zurgendei-sezinedi-8-zasar-bala-uqk-teniz-sekara-qyzmetine-qabyldandy-video/

pixel