Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені қайта көтерді

Жарияланған күні:

Ақша
Көрнекі фото: NUR.KZ

Қазақстанның Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені қайтадан 9,75%-ға көтеру туралы шешім қабылдады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені +/-1,00 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 9,75% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Тиісінше өтімділікті ұсыну жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 10,75%, ал өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме – 8,75% болады.

"Шешім экономикада сақталып отырған инфляцияға қарсы қысым аясында қабылданды, оның нәтижесінде инфляция 2021 жылы 7,5-8,5% болжамды ауқымнан, әлемдік нарықтардағы бағалардың өсуінен, сауда әріптес елдердегі инфляцияның жеделдеуінен және ел ішіндегі жоғары инфляциялық күтулерден жоғары қалыптасады", – делінген Ұлттық банктің хабарламасында.

Сыртқы инфляциялық ахуал қолайсыз болып қалуда. Бұл әлемдегі азық-түлік бағасының жоғары болуына, жеткізілім қатарының үзілістеріне, тасымалдау, шикізат пен энергия тасымалдаушылар құнының өсуіне, сондай-ақ ішкі сұраныстың қалпына келуіне байланысты. ФАО азық-түлік бағаларының индексі 2021 жылғы қыркүйекте азық-түлік тауарларының барлық шағын топтарына бағаның артуы нәтижесінде жылдық көрсетуде 32,8%-ға өсті.

Негізгі сауда әріптес елдердегі инфляция жоғары деңгейде қалып отыр. Қытайда көмір мен энергияны көп қажет ететін салалар өніміне бағаның жоғарылауы нәтижесінде өндірушілер бағасының индексі 10,7%-ға дейін өсті. Биылғы жылғы қыркүйекте ЕО-да жылдық инфляция 3,6%-ға дейін, Ресейде – 7,4%-ға дейін жылдамдап, жылдамдауын жалғастыруда, мұны жылдық мәнде 7,8%-ды құраған қазандағы апталық инфляция көрсетіп отыр.

Қазақстанда 2021 жылғы қыркүйекте жылдық инфляция 8,9% болы. Үдеу барлық құрамдас бөліктерде байқалады. Тамақ өнімдеріне бағаның өсуі (8,9%-дан 4,5 п.т.) жылдық инфляцияның жылдамдауына негізгі үлес қосуда.

Азық-түлік инфляциясы жеміс-көкөніс өнімдері бағасының маусымдық төмендеуіне қарамастан 2021 жылғы қыркүйекте жылдамдауын жалғастырып, жылдық мәнде 11,5% болды. Жемшөп дақылдары, дизель отыны, электр энергиясы және бидай бағасының көтерілуі кезінде өндірушілердің өзіндік құнының өсуі нәтижесінде ет (10,3%), нан-тоқаш (8,7%) және сүт өнімдері (8%) бағасының жылдық өсуі азық-түлік инфляциясының жеделдеуіне негізгі серпін болды. Әлемдік бағаның өсуі қосымша инфляцияға қарсы қысым көрсетеді. Мәселен, 2021 жылғы қыркүйекте етке ФАО индексі жылдық мәнде 26,3%-ға дейін, сүт өнімдеріне – 15,2%-ға дейін өсті, ал бидайға әлемдік бағаның өсуі 41% болды.

2021 жылғы қыркүйектің қорытындысы бойынша азық-түлікке жатпайтын инфляция жылдық мәнде 7,5% болды. Осы жылдамдауға үй тұрмысындағы заттар, киім-кешек пен аяқ киім, ЖЖМ мен қатты отын бағасының жылдық өсуі негізгі үлес қосады. Киім-кешек пен аяқ киім бағасы импорттық тауарлар бағасының жоғарылауына, тұтынушылық сұраныстың қалпына келуіне және халықтың нақты ақшалай табысының өсуіне байланысты артуда. Өз кезегінде, өзіндік құнның өсуіне және экономикалық белсенділіктің қалпына келуіне байланысты ЖЖМ мен қатты отын бағасы артты.

Ақылы қызметтер инфляциясы 2021 жылғы қыркүйекте 6,8%-ға дейін жылдамдады. Динамика реттелетін қызметтер бағасының – 5,6%-ға, білім беру қызметтері бағасының – 8,4%-ға және тұрғын үйді жалға алу бағасының – 18,6%-ға өсуіне негізделген. Реттелетін қызметтер арасында қыркүйекте электр энергиясы бағасының 8,3%-ға және сұйытылған газ бағасының – 6,4%-ға өсуі байқалды.

Инфляциялық күтулер жоғары деңгейде сақталуда. Бұл ретте, 2021 жылғы шілде-тамызда тіркелген ең жоғары мәндерден біртіндеп төмендеу байқалады. 2021 жылғы қыркүйекте бір жыл бұрынға инфляцияны сандық бағалау өсіп, 9,0% болды. Ағымдағы инфляция қарқынының жылдамдауын және сақталуын күтетін респонденттердің үлесі 59%-ға дейін төмендеді (тамызда – 61,5%).

Нақты сектордың даму серпіні Ұлттық Банктің күтуіне сәйкес келеді. 2021 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша Ұлттық Банктің оптимистік сценарийіне сүйене отырып, ІЖӨ өсуі 3,4% болды. Экономиканың қалпына келуі шикізат нарықтарындағы әлемдік бағалардың өсуі және карантиндік шектеулердің жеңілдетілуі аясында жалғасты.

Эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруы аясында тұтынушылық белсенділік сенімді түрде қалпына келуде. 2021 жылғы шілде-тамызда біршама баяулағаннан кейін бөлшек сауда айналымының өсу қарқыны қалпына келіп, 2021 жылғы қыркүйекте жылдық мәнде 5,6% болды.

Әлемдік мұнай нарығындағы қазіргі жағдай жалпы алғанда оң бағаланады. Brent сұрыпты мұнайдың әлемдік бағасы 2018 жылғы қазаннан бастап алғаш рет сұраныстың артуы, қосымша энергия көздері (газ, көмір) бағасының өсуі, сондай-ақ ОПЕК+ елдері тарапынан мұнайдың неғұрлым ұстамды ұсынысына байланысты мұнайдың әлемдік қорының төмендеуі аясында бір баррель үшін 86 АҚШ долларына дейін өсті.

Ұлттық банк Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2021 жылғы 6 желтоқсанда жарияланатын болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1938803-ulttyq-bank-bazalyq-molserlemeni-qaita-koterdi/