Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Осы жерде қанша адамды жоғалттым": Ақтөбе облысында баласына дәрігер таппаған әке жанайқайын айтты (видео)

Опубликовано:

дәрігер13
Көрнекі фото: pixabay.com

Ақтөбе облысының Байғанин аудандық ауруханасында түсірілген видео желіде тарап кетті. Ерболат Шандин есімді тұрғын аудандық аурухананың жағдайын көрсетіп, денсаулық сақтау министріне үндеу жолдады. Жанын шүберекке түйіп, шырылдаған видео авторы ауруханадан дәрігер таппаған деп хабарлайды өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Айтуынша, түнгі 1:30-да денесі құрысып-тырыса бастаған баласына аудандық аурухана педиатры көмек көрсетуге келмеген. Ол науқастанған баласын көтеріп, бір сағаттан аса аурухана ішінде дәрігер күткен.

"1,5 сағат уақыт өтті. Бір педиатр ауруханаға келуден бас тартты. Екінші педиатрды әрең дегенде алдырдық. Аурухана осындай болуға тиіс пе? Жөндеу жүріп жатқан жерде науқас қабылдаған қаншалықты дұрыс? Мына жерде сүрінсең, басың жарылады. Құрметті денсаулық сақтау министрі, жағдайды осыдан-ақ білуге болады. Мен осы жерде қаншама адамымды жоғалттым. Осыған дейін қазақылыққа салып үндемей келдім. Шыдамым шегіне жетті",- дейді Байғанин ауданының тұрғыны Ерболат Шандин.

Видео авторымен тілдескенімізде, қазіргі күні қызының жағдайы жақсарғанын айтты.

"Видеоны 1,5 жастағы қызымның аяқ астынан денесі тырысып, ауруханаға апарған кезде түсірдім. Ол жерде фельдшерден басқа адам болған жоқ. Іші аңғал-саңғал. Фельдшер қызуын өлшеді. Кезекші дәрігер келіп болмады. Бір педиатрды шақырғанда келе алмайтынын айтты. Кейін 1,5 сағаттан кейін басқа педиатрды алып келді. Ортада бір жедел жәрдем көлігі жүр. Сол машина бастығын алып келеді, педиатрға барады. Бір педиатр қайтарып жіберіп, екіншісіне барады. Бұл қандай жүйе?

Аурухана адам төзгісіз. Іші - көк шаң. Сол жерде ауыр жағдайда емделіп жатқан адамдар бар. Қаншама бала жатыр. Сондықтан мен ол жерге баламды жатқызудан бас тарттым. Баламды қалаға жедел жәрдеммен жеткізді. Шүкір, қазір жағдайы жақсы. Қаладағы инфекциялық ауруханада жатыр. Осыған дейін де мен бір кішкентайымды дәрігерлердің қателігінен жоғалттым, шетінеп кетті. Бұл қызым - он жылдан кейін көріп отырған перзентім", - дейді тұрғын.

Мән-жайды аудандық аурухананың бас дәрігерінен сұрадық. Ауруханада 303 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын айтқан бас дәрігер онда қызметкерлердің болғанын, видеоға түсіп қалудан қорқып, тығылып қалғанын жеткізді.

"Салынған видеоны көріп отырмыз. Біздің ауруханада күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Видеода көрініп тұрғандай, ескі кафельдерді көтеріп тастап, жаңасы салынады. Қазір емхананың екінші қабатына науқастарды жатқызып отырмыз. Күні ертең емхананың бір жақ бөлігі пайдалануға беріледі.

Неше жылдан бері қол жеткізген жөндеу жұмыстары. Көзің тоятындай жұмыс жасалып жатыр. Ауылдық жер болғаннан кейін педиатр, хирург, гинеколог мамандары кезекшілікке тұрмайды. Ауруханада бір кезекші дәрігер болады. Кезекші дәрігер баланы қарады. Қызуын түсіріп, алғашқы көмекті көрсетті.

Ата-анасы қалаға қаратуды сұрады. Жедел жәрдеммен баланы Ақтөбеге жібердік. Видеода камерамен түсіріп жатқанда жас мамандар кадрдан қашып, тығылып қалған. Олар әлеуметтік желіге шығып кетеміз деп үрейленген. Видео түсірген жігіт нашар сөздер айтып, қызметкерлерді итеріп тастап, әрі қарай өтіп түсірген. Баласы ауырғанда шырылдап жүрген ол жігітті де түсінемін", - дейді Байғанин ауруханасының бас дәрігері Абзалбек Иманбайұлы.

Жағдайға қатысты облыстық денсаулық сақтау басқармасы да пікір білдірді.

"21 қазан күні сағат 01:36-да тұрғын Байғанин аудандық ауруханасына баласының дене қызуының 38.9 С-қа көтерілуіне шағымданып келген. Кезекші дәрігер қызу түсіретін препарат бергеннен кейін баланың жағдайы жақсарды. Кезекші дәрігер кеңес беруге педиатр шақырады. Педиатрдың жасқа дейінгі баласының науқастанып қалуына байланысты кезекші дәрігер екінші педиатр алдыртады.

Педиатр қарауынан кейін санавиация арқылы облыстық аурухана мамандарынан кеңес алынды, жағдайы ауыр болмаса да ата-анасы аудандық ауруханада емделуден бас тартқандықтан, науқас бала Ақтөбе қаласына жолданды. Аудандық аурухана ғимаратына 02.09.2021-02.02.2022 аралығында "Әлихан" Ойл ЖШС күрделі жөндеу жұмысын жүргізуде", - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1938836-osy-zerde-qansa-adamdy-zogalttym-aqtobe-oblysynda-balasyna-dariger-tappagan-ake-zanaiqaiyn-aitty-video/

pixel