"Қанша ананың көз жасы төгілді": 11 бала мен бірнеше әйел отағасының түрмеден шыққанын күтіп жүр
Жарияланған күні:
Асылбек қазір Ақмоладағы қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеп жатыр. Ол бірнеше жыл бойы есірткі өндірумен және сатумен айналысқан. Айтуынша, әйелі мен балаларын асырау үшін қылмысқа барыпты. Облыстық ҚАЖД көпбалалы әкенің оқиғасын назарға ұсынды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Асылбек аштық пен үнемі ақша тапшылығының не екенін бала кезінен білгенін алға тартады. Ата-анасы алкогольді асыра пайдаланған, соның салдарынан үйде үнемі ұрыс шығып, төбелес болып, айқай-шумен қоса балағат сөздер айтылыпты.
Асылбек көпбалалы отбасында өскен, оның үстіне ұлдардың үлкені болған. Ол талай рет үйден кетуге тырысыпты, бірақ бауырларын тастап кете алмаған. Айтуынша, үйге келгенде олар алдынан қарсы алуға үнемі жүгіріп шығады екен.
Балалар ағасының асырайтынын, ренжітпейтінін білген. Сол үшін де 15 жасында ауылда қасапшы болып жұмыс істей бастапты.
Асылбек мектепті бітірген соң елордалық медицина университетіне оқуға түседі. Алайда екінші курста бір студентті ұрып-соғып, оқудан шығарылып қана қоймай, абақтыға қамалады. Екі жылдан кейін ол шартты түрде босатылады.
Университетте оқып жүргенде сырттай бір әйелмен танысып, колониядан шыққан соң, бірден соған барады. Әйелдің жасы үлкен болғандықтан көп жағдайда күйеуіне ерік берген, оған қоса төрт қызды дүниеге әкеледі.
Бірақ бірнеше жылдан кейін бақытсыз әке отбасын тастап, басқа әйел тауып алады. Екінші әйелі Асылбекке екі қыз туып береді.
Біраз уақыттан кейін Асылбек тағы бір әйелмен қарым-қатынасын заңдастырады. Некеде тағы бес бала дүниеге келеді – төрт қыз және көптен күткен ұл.
Бұрынғы әйелдердің барлығы балалардың әкесіне өшпенділік танытпапты сондықтан ер адам бәрімен қарым-қатынаста болып, қаржылай көмектескен.
Алайда уақыт өткен сайын барлығын бірдей қамтамасыз ету қиындай түседі.
Содан кейін ол медициналық университеттегі оқуы мен мектеп кезіндегі химияға деген қызығушылығын пайдаға асыруды жөн көрген. Нәтижесінде пәтер жалдаған Асылбек синтетикалық есірткі жасай бастайды.
Көпбалалы әке әйелі мен перзенттерін асырау үшін ақша табудың жалғыз жолы осы деп санап, сатуды тез бастаған, "тұтынушы" да көп болыпты. Бірақ табысқа кенелуі ұзаққа созылмай, ер адам ақыр соңы ұсталады.
Көпбалалы әке Ақмоладағы қатаң режимдегі колонияда 3 жылдан бері жазасын өтеп жатыр. Ол жасаған қылмысы үшін өкінетінін айтады.
"Адамға талай қайғы әкелдім, біреудің баласы, бәлкім, соңғы ақшасын маған берген шығар, қаншама ананың көз жасы төгілді. Темір тордың арғы жағында 11 балам бар. Бүгінгі күні оларға көмектесе алмаймын", – деп өкінеді сотталушы.
Ер адам әлі жеті жыл уақыт жазасын өтейді. Асылбек әртүрлі жұмыс жасап, ең төменгі жалақы алады. Оның заңды әйелі кездесуге келеді, күйеуіне хаттар мен сәлемдемелер арқылы жан-жақты қолдау көрсетеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1938943-11-bala-men-binese-aiel-otagasynyn-turmeden-syqqanyn-kutip-zur/