Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жоқшылықты көріп өстім": Балуан Нұрислам Санаев өткені мен болашағы туралы ағынан жарылды

Опубликовано:

Нұрислам Санаев
Нұрислам Санаев. Фото: NUR.KZ

Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, еркін күрес шебері Нұрислам Санаев KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, өмірдегі ұстанымы мен алға қойған жоспары туралы баяндады.

Қазақ тілін үйреніп алған тыва жігіті болашағын тек Қазақстанмен байланыстырып отырғанын айтады.

"Қазақ тілін меңгеру үшін интернет арқылы репетитор іздедім. Тіл үйренуді өзім қаладым. Себебі, мен осы елдің азаматымын. Қазақ тілін білмесем, ұят болар еді. Мен болашағымды Қазақстанмен байланыстырамын және қазақ спортының дамуына үлес қосқым келеді. Спорттағы мансабым аяқталғаннан кейін өз мектебімді ашуды жоспарлап жүрмін. Әсіресе ауылдың, жоқ-жітік отбасылардың спорт десе көзі жанып тұратын балаларын жинап, білгенімді үйреткім келеді. Ауыл балаларын үлкен спортта көру - арманым. Бұл жолда мақсатты түрде жұмыс істейтін боламын", - дейді Санаев.

"Бала күнімде жоқшылық көріп өстім" деген балуан мемлекет беретін қомақты сыйақыны уәде бергеніндей қайырымдылыққа жұмсауға дайын екенін де жасырмады.

Ол өзі көмек көрсететін мұқтаж отбасылар мен науқас балалардың тізімін де жасап қойған екен.

"Мемлекет беретін сыйақыны қайырымдылыққа жұмсайтыным рас. Қазір қаржының түсуін күтіп отырмыз. Көмек көрсетілетін отбасылардың тізімі жасалынды. Науқас балалар мен тұрмысы төмен отбасыларға көңіл бөліп отырмыз. Өзім ес білгелі жоқшылық көріп өстім. Олимпиадада жүлделі болғанда ең бірінші мұқтаж жандарға көмектесуді ойладым", - дейді ол.

30 жастағы спортшы бүгінде Ақтөбе қаласында тұрады. 5 және 3 жастағы екі ұлы бар. Ол Батыс-2 ауданынан әкім берген үйіне жөндеу жұмысын жасап жатқанын сөз етті.

"Олимпиададан келгенімде барлығы осында "бауырым" деп күтіп алды. Осы халықтың қошеметінің арқасында жеңісті сезіндім. Қуаныштымын. Шүкір, ештеңеге өкінішім жоқ. Алға ұмтылатын мүмкіндік барда, әрі қарай жаттығуды жалғастырамыз.

Облыс әкімі берген екі бөлмелі пәтерге жөндеу жұмысын жүргізіп жатырмын. Жастарға айтарым - еңбек ету, еңбек ету және еңбек ету. Алдыға мақсат қойып, тек жақсылықтарға үміт арту керек. Қиындықтарға мойымай, тек алға жүрсеңіз, керемет күннің болатыны анық", - дейді Нұрислам Санаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1938952-zoqsylyqty-korip-ostim-baluan-nurislam-sanaev-otkeni-men-bolasagy-turaly-agynan-zaryldy/