Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әкем бір ай сөйлескен жоқ": Шетелдегі қазақ футболшысына күйеуге шыққан шымкенттік қыз кім

Опубликовано:

Ақмарал Көпжасарова отбасымен
Ақмарал Көпжасарова отбасымен: Instagram

Түркістан облысының тумасы Ақмарал Көпжасарова Түркияда дүниеге келіп, бүгінде Нидерландыда тұратын этникалық қазақтар шаңырағына келін болып түскен. Ол голланд еліндегі қазақтар туған жерден жырақта жүрсе де салт-дәстүрді, ұлттық асхананы берік ұстанатынын айтады. Ақмарал Голландияға қалай кеткенін, ол жақтағы өмір туралы айтып берді деп хабарлайды Qamshy.kz.

Ақмаралдың күйеуінің есімі – Мұрат. Онал әулеті кезінде қазақ жерінен Түркияға қоныс теуіп, біраз уақыт сол жақта тұрған. Кейінірек Нидерландыға көшіп барған. Мұрат кәсіби футболшы. 2014-2015 жылдары Шымкенттегі "Қыран" футбол командасында ойнаған. Ол екі маусымда 28 гол соғып, Қазақстан бірінші лигасында "Үздік сұрмерген" атанады.

Мұрат екі жыл ішінде Қазақстан азаматтығын алып, ұлттық құрамаға қабылдануды армандайды. Алайда мұның сәті түспей, Голландияға қайтуға тура келеді. Десе де Мұрат үшін Қазақстанда өнер көрсетуі олжасыз болған жоқ. "Оңтүстік" телеарнасының журналисі Ақмарал Көпжасаровамен танысады. Екі жас бірнеше жыл араласып, 2020 жылы отбасын құрады. Бүгінде Амстердамда тұрып жатыр. Еркенұр есімді қызы бар.

"Басында ата-анамның қарсы болғаны рас. Біз "үйленгіміз келеді" дегенде әкем мен анам шок болды. Анам "қызым, басқа қала емес, бөтен елге кетеді" деп күнде жылайтын. Әкем тіптен, менімен бір айға дейін сөйлеспей жүрді. Маған бұл өте ауыр соқты. Бірақ ата-анам болашақ құдаларымен телефон арқылы танысып, сөйлескен соң райларынан қайта бастады. Ақыры батасын беріп, 2020 жылы Шымкентте үйлену тойымыз өтті. Амстердамға біз бірден келе қоймадық. Карантинге байланысты Еуропаға кіру мүмкін болмады. Бірінші Түркияға барып, сонда жеті айдай тұрдық. Амстердамға 2021 жылдың сәуірінде келдік", - деді ол.
Ақмарал Көпжасарова отбасымен
Ақмарал Көпжасарова отбасымен: Instagram

Ақмарал Еуропа мен Қазақстандағы өмірді де салыстырып көрді.

"Еуропадағы өмір – қарбалас. Қаланың астында да, үстінде де тіршілік қайнап жатады. Барлық нәрсе қымбат, киім де тамақ, транспорт та. Метромен бір бағытқа жету үшін 10-15 еуро төлеу керек, теңгемен санағанда шамамен 5000-7500-ды құрайды. Метро - қаладағы ең арзан қатынау жолы. Голландиялықтар негізінен велосипедпен жүреді. Кішкене баладан бастап, қарияға дейін велосипедпен кетіп бара жатқаны күнделікті жайт. Ал Амстердамның өзі де, ауасы да өте таза. Тұрғындары күлімсіреп тұрады. Сәлемдескенде міндетті түрде күлімдеп амандасады. Қалада жаңа ғимарат тұрғызуға қарағанда, ескіні жаңарту жұмыстары қолға алынған. Сонысымен Амстердам маған өте қатты ұнады", - дейді Ақмарал.

Шымкенттің тумасы шетелде жүрсе де, ұлттық дәстүрді ұстанатанын жасырған жоқ.

"Еуропада тұрсам да, ата-енемнің алдында ұзын көйлек киіп, орамал тағып, салт-дәстүрді ұстануға тырысамын. Дастарханымыздан қазақтың ұлттық тағамдары үзілмейді. Ет, бауырсақ, қуырдақ болсын, отбасым мақтап, сүйсініп жейді. Қайынатам мен енем өте керемет жандар. Мені туған қызынан кем көрмейді. "Келінім" емес, "қызым" дейді. Бұрын Нидерландыда 500-ге жуық қазақ отбасы тұрған екен. Құжаттары толық болмай көбісі жан-жаққа тарап кетіпті. Қазіргі таңда 50-60 шақты қазақ отбасы бар. Бәрі бірін-бірі таниды, жиын, той-томалақтарда араласып, туысқандай сыйласады. Қазіргі таңда жұмыс жасау ойымда жоқ. Көпбалалы ана болғым келеді. Бар уақытымды күйеуіме, балаларыма арнасам деймін. Өмірдің бар байлығы да, бақыты да – отбасы", - дейді Ақмарал Көпжасарова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1939008-akem-bir-ai-soilesken-zoq-seteldegi-qazaq-futbolsysyna-kuieuge-syqqan-symkenttik-qyz-kim/