RU

"Күтпеген жерден "жұлдыз" болдық": Алматы метросында фотосессия жасатқан егде жұптың кімдер екені белгілі болды

Қарт жұп
Фото: Instagram/bumagaz

Бір ай бұрын егде тартқан ерлі-зайыптылардың Алматы метросында түскен фотосы Қазнет қолданушыларын сүйсіндірген еді. Желіде лезде танылған қос қарияның кімдер екені белгілі болды. Фотограф Асқар Бумага түсірген туынды кейіпкерлері 55 жылдан бері бір шаңырақ астында тұрып келеді, деп жазады Azattyq ruhy.

Басылымның мәліметінше, Раушанбек Бұрамбайұлы мен Меруерт Асқарқызын танымал еткен фотосессия алдын ала жоспарланбаған.

"Сол күні Меруерт екеуміз метромен қонаққа бара жатқан едік. Метроның ішін аралап, орындықта демалып отырғанымызда жанымызға бір жігіт пен қыз келді. Өздері де сол кезде біз сияқты қарт адамдарды іздеп жүрді-ау. Содан біздің жасымызды, фотоға түсіруге рұқсат сұрады. Осылайша күтпеген жерден "жұлдыз" болып кеттік", - дейді Раушанбек Бұрамбайұлы.

Отау құрғанына 55 жыл болған жұбайлардың екі ұл, бір қыздан жеті немере, екі шөбересі бар. Раушанбек Бұрамбайұлы – философия ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының мүшесі, Қазақстанның Білім беру ісінің үздігі.

Меруерт Асқарқызы – физика-математика ғылымдарының докторы, 10-нан аса кітаптың авторы.

Бүгінде 82 жасқа келген Раушанбек Бұрамбайұлы Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетте жас ғалымдарға кеңес берумен айналысады. Ал 75 жасқа келген Меруерт Асқарқызы зейнетке шығып, немерелерімен уақыт өткізуді таңдаған.

Раушанбек Бұрамбайұлы оңтүстік Кавказда әскерде жүріп, Киев университетіне жолдамамен оқуға түскен. Ал болашақ жары Меруерт апаймен 4-курсты аяқтап, Қызылордаға келгенінде танысқан екен.

Сұхбат барысында Меруерт Асқарқызы отбасы болып қалыптасу жолында көрген ауыртпашылықтары жайлы да айтып берді.

"Отбасылық өмірде қиыншылықтар болды. Оқуды аяқтаған соң, бірден ауылға барып мектепте мұғалім болдым. Рекеңе бакалаврды аяқтаған соң, Киев университеті аспирантурада оқуды ұсынған. Менімен келіп ақылдасты. "Саған ауылда қиын болатын сияқты, жібермесең бармаймын" деді. Алматыға жұмысқа барса дайын тұрған пәтеріміз жоқ, айлығы да аз. Сосын мен ойлана келе: "Сен оқуыңды жалғастыра бер, мен қанша қиын болса да шыдаймын" дедім.

Ауылдағы үйде бұл кісінің әке-шешесі, төрт бауыры болды. Олардың барлығы мектепте оқиды. Қайын енем баламен үйде, қайын атамыз зейнеткер, алатын ақшасы небәрі 20 cом ғана. Үйді асырау менің мойныма жүктелді. Екі ставкада жұмыс істедім, айлығымды енемнің қолына тиынына дейін санап әкеліп беремін. Бір жарым жылдан кейін Рекең ауылға демалысқа келгенде, мені ертіп әкетіп Киевті, Харьковті, Мәскеуді көрсетті.

Мен ауылда тұрып біраз қарайып қалдым деп едім, Рекең: "Міне, өзіңдей ауылдан келіп, оқуға түсіп жатқан жастармен сөйлес. Сен солардан кем емессің" деп өзбек студенттерін көрсетті. Біразымен сөйлессем, білім деңгейім олардан жоғары сияқты, содан мен де аспирантураға оқуға тапсырдым. Отағасы оқуды менен бір жарым жыл бұрын аяқтап, Алматыға арнайы шақыртумен жұмысқа келді. Мен Киевте қалдым", - дейді Меруерт Асқарқызы.

Отау құрғанына жарты ғасырдан асқан жұп бір-бірін атымен атамайды. Меруерт апай күйеуін "Реке", "отағасы" десе, Раушанбек ата жұбайын "хозяйкам" деп еркелететін көрінеді. 

Раушанбек Бұрамбайұлы өзінің ғылым жолында аяққа тұруына жарының еңбегі зор екенін атап өтті.

"Әр уақытта бір-бірімізді қабағымыздан түсінеміз, мені қандай жағдай болсын қолдап жүрді. Меруерт аспирантура оқып жүргенде барлық ауыртпалықты мен мойныма алып, диссертациясын қорғауға көмектестім, барынша қолдау білдірдім. Қуанышты да, қайғыны да бірге бөлістік. Ауылда оған үлкен кісілермен, қайындарымен менсіз бірге тұру қиын болды. Бірақ мен үшін бәріне шыдап, бәріне көнді. Менің университет бітіруім де, аспирантурамды оқып, докторлық деңгейге жетуім де жарымның арқасы. Егер Меруерт жағдайымды жасап, қолдау білдірмегенде мұндай жетістікке жетуіме екіталай еді", - дейді профессор.

Меруерт Асқарқызының сөзінше, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүрудің формуласы қарпайым. Яғни кешірімді болу, жарымен сөз таластырмау, жағдайға түсіністікпен қарау - бақытты отбасының кілті.

Сөз соңында Раушанбек Бұрамбайұлы жігіттерге кеңесін айтты. Оның пікірінше, әр ер адам мүмкіндігінше әйелінің білімді болуына үлесін қосу керек.

"Жастар, еңбекшіл, кешірімді болыңыздар. Алдыңызға жақсы жоспар қоюды ұмытпаңыздар. Жігіттер, мүмкін болса әйелдеріңізді оқытыңыздар, бірге дамыңыздар. Байқаймын, қазір көп жігіт бар жауапкершілікті әйелдің мойнына артып қойған. Әйел кешегі қызың, бүгінгі жарың, балаларыңның анасы емес пе?! Білімді әйелден ғана – білімді ұрпақ шығады", - дейді профессор.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1939022-kutpegen-zerden-zuldyz-bolyp-kettik-almaty-metrosynda-fotosessiya-zasatqan-egde-zuptyn-kimder-ekeni-belgili-boldy/