Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жамбыл облысында ауылда газ бола тұра көмір жағып отырған тұрғындар жанайқайын жеткізді

Опубликовано:

Видео
Видеодан кадр: Астана телеарнасы

Жамбыл облысында газ тартылған Кеңес ауылының тұрғындары көмір жағып отыр. Өйткені көгілдір отынның шәйнек қайнатуға қысымы жетпейтін көрінеді. Жергілікті халықтың сөзінше, елдімекенге газ тарту жұмыстары 3 жыл бұрын басталған. Бірақ әлі аяқталмапты. Олар мердігер компанияның жұмысты жарты жолда тастап кеткенін айтады, деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Кеңес ауылда 400-ден аса үй бар. Оның тең жартысы газсыз отыр.

Тұрғындардың сөзінше, көгілдір отын тарту жұмыстары, келісім бойынша өткен жылы аяқталуы керек болған. Бірақ басталған іс аяқсыз қалған.

Сонымен қатар, тұрғындар биыл көгілдір отынды үйге кіргізу құны да қымбаттап кеткенін айтады. Басында бұл қызмет 400 мың теңге болса, қазір баға 460-480 мың теңгеге дейін өскен.

Ауылда баспанасына газ кіргізіп алғандардың өзі де шағымданып отыр. Себебі газ бар, қысымы жоқ көрінеді.

"Мен былтыр газды 430 мың теңгеге кіргіздім. Қыста екі ай көмір жағып шықтым. Газым шай қайнатпайды, үй жылытпайды. 5 тонна көмір жақтым. Бірақ газ кіргіздім. Сонда маған газдың не керегі бар деген сұрақ туындайды", - дейді жергілікті тұрғын Нұрхан Есенбеков.

Ауыл тұрғындарының шағымына қатысты Байзақ ауданының тұрғын үй коммуналдық шаруашығының өкілі Кенжебек Унитаев жауап берді.

"Тұрғындардың өтінішіне сәйкес мердігерге келісім шартта көрсетілген міндетті жұмысын атқармағаны үшін айыппұл салынады", - дейді ол.

Сондай-ақ, Кенжебек Унитаев газдың қысымы неге төмен екенін анықтайтынын айтты.

"Бұны қазір қосымша барып зерделеймін. Ол жақта мәселе қандай болуы мүмкін. Мүмкін көшеге құбыр кішкентай диаметрі тартылған шығар. Соны зерделеу керек. Ол жақта бір мәселе болу керек қой", - дейді Байзақ ауданының тұрғын үй коммуналдық шаруашығының өкілі.

Көгілдір отын бола тұра, көмір жағып отырған Кеңес ауылының мәселесін жергілікті билік келесі жылы түбегейлі шешіп беретіндерін жеткізді.

Б. Жұмабайұлы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1939082-zambyl-oblysynda-auylda-gaz-bola-tura-komir-zagyp-otyrgan-turgyndar-zanaiqaiyn-zetkizdi/