Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жаңа жыл қарсаңында азық-түлік бағасы шарықтаған жағдайда министрлік қандай шара қолданбақ

Опубликовано:

Жаңа жыл кезіндегі азық-түлік бағасы
Көрнекі сурет: pixabay.com

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Жаңа жыл мерекесі қарсаңында азық-түлік бағасы шарықтаған жағдайда әлеуметтік маңызы бар өнімдер халыққа қолжетімді болуы үшін өңірлердегі тұрақтандыру қорларын азық-түлікпен тағы толтыруды ұсынды. Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.

Жауапты ведомство басшысының айтуынша, қордағы бұрын сатып алынған өнім көлемі таусылса, тоқтаусыз өскен бағаны ауыздықтау қиындай түседі.

"Біз тұрақтандыру қорларына әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті тағы бес айға сатып алуды ұсынып отырмыз. Баға күрт өскенде осы өнімді халыққа қолжетімді бағамен ұсынуға болады. Біз барлық өңірлерлерге нақты қандай өнім және қанша көлемде қажет екенін айттық. Тауар өндірушілердің тізімін бердік. Олар бізге ішкі нарықты қамтуға жеткілікті өнім беруге дайын. Қазір осындай жұмыс атқарылып жатыр", - дейді Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.

Телеарна мәліметінше, ең қажетті әрі халық жиі тұтынатын азық-түліктің құны жыл басынан бері 9,6 пайызға өскен. Бағаның төмендеуі ешбір өңірде байқалмайды. Әсіресе көкөністің құны шарықтап кеткен. Мәселен, сәбіздің бағасы қаңтар айынан бері 40,7 пайызға, қырыққабат 25,7, картоп 21,2, пияз 19,5, күнбағыс майы 29,4, қант 13 пайызға көтерілген.

Ал сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев өңірлердегі тұрақтандыру қорының жұмысын сынға алды. Ол құр статистикаға сенбей, қордағы азық-түлік көлемін нақты тексеру керек деп отыр. Ал нарықтағы бағаны бірқалыпты ұстап тұру үшін өзге амал қарастырған жөн деген пікірде.

"Күзде азық-түлік қымбаттады деген ешқашан болған емес. Үкімет қазір қарқынды жұмыс істеу керек. Статистикаға қарасаң, 16 миллион тонна астық жинадық дейді. Мен бұған күмәнмен қараймын. Ондай көлемде астық жинау мүмкін емес. Сол сияқты азық-түлік қорында нақты қандай және қанша тауар қалғанын тексеру керек. Құр санға сенбеу керек. Әкімдер артық сұрақ болмас үшін өтірік есеп бере салады", - дейді сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев.

Дереккөз: КТК арнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1939125-zana-zyl-qarsanynda-azyq-tulik-bagasy-saryqtagan-zagdaida-ministrlik-qandai-sara-qoldanbaq/

pixel