Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Енесінен таяқ жейтін келіндер де бар": Танымал қазақ блогері әйелдерді ошақ басында қалмай, рухани дамуға шақырды

Жарияланған күні:

Айнара Байжан
Айнара Байжан: жеке мұрағат

Айнара Байжан әлеуметтік желідегі қазақ тілді контентті белсенді дамытып жүрген блогерлердің бірі. Ол көп жағдайда әйелдердің дамуы, бала тәрбиесі, отбасындағы әйел мен еркектің орны туралы жазбаларымен бөлісіп, желі қолданушыларының ықыласына бөленіп жүр. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген Айнара қазіргі қазақ қоғамындағы әйелдердің рөлі, отбасындағы түсініспеушілік, феминизм белгілері мен рухани дамуға қатысты өз ойын бөлісті.

«1991 жылы Қызылорда облысы Арал қаласында мұғалімдер отбасында дүниеге келдім. Мамандығым тарихшы. Журналист болып 10 жылға жуық уақыт қызмет етіп келем. Қазір декреттемін. Үш баланың анасымын. Декретте өзіме хобби тауып, блогер боп жүрмін. Саны жағынан көп болмаса да өте сапалы аудиториям бар. Күн сайын байланысқа шығып, оқырмандарыммен сөйлескен ұнайды. Әлеуметтік желіде әйел тақырыбын жиі көтеретінім рас.

Жалпы мен әйелдің рухани өсуі туралы кітаптарды жиі оқимын. Пайдалы жерлерін блогымда қыздарға айтып отырамын. Сондай кездері қыздар жекеге хат жазады. Көпшілігі отбасылық проблемаларын айтатыны рас. Үйде баламен отырған келіндер сыр ақтарғысы келеді. Көмектескім келіп тұрады… Әр келіншектің басындағы проблемаға байланысты пайдалы кеңестерді блогымда жазып отырамын», - дейді ол.

Блогердің айтуынша, қоғамда ер адамнан гөрі әйелге қойылатын талап жоғары. Ал бұған әлеуметтік желі тікелей әсер етіп отыр.

«Қазір ешкім декретте қарап отырмайды. Барлық әйел алға ұмтылуға тырысады. Меніңше, бұл әлеуметтік желінің әсері. Қазір әйелдерге арналған марафондар тым көп. Небір түрі бар. Үй жинауды үйрететін, бала тәрбиесі, аспаздық, күйеумен қарым-қатынас т.с.с. Осындай марафондар арқылы әйелдер жан-жақты болуға тырысады. Мен де сондай болуға талпынған әйелдердің қатарынанмын. Бәріне үлгеруге болады… Бірақ сәл уақыт өткен соң қатты шаршайсың. Бәріне қолыңды бір сілтегің келеді. Содан депрессияға ұшырайсың.

Айнара Байжан
Айнара Байжан: жеке мұрағат

Әлеуметтік желіде табысты блогерлер көп. Олар күн сайын өмірлерін ашық көрсетеді. Олар таңертең тұрып жаттығу жасайды, өздерін күтеді, кафеге барып таңғы ас ішеді. Бұл өзіне қарауға уақыт таппай жүрген, ата-ененің бабын тауып, таң атқаннан үй тірлігінен босамайтын әйелдер үшін жақсы мотивация. Бір жағынан әйелдердің ойын бұза ма, ызасын тудыра ма деп те ойлаймын. Сондықтан мен кафе-ресторан, шоппинг деген нәрселерді көрсеткім келмейді. Ал тамақ істеу, өзіңе күтім жасау, үйде отырып кәсіп жасау сияқты дүниелермен бөлісемін», - дейді блогер.

Айнара еліміздің әр түкпірінен күніне ондаған хат алады. Олардың басым бөлігінде ортақ проблема бар. Бұл – отбасындағы зорлық-зомбылық.

«Иә, мен қазақ әйелдері қазан-ошақтың маңайында қалып қоймаса екен деймін. Оқырмандарым - қыз-келіншектер. Олар менен пайдалы кеңестер күтеді. Мүмкіндіктер ғасырында өмір сүреміз. Қолынан іс келмейтін әйел жоқ деп ойлаймын. Күн сайын түрлі хаттар аламын. Ауылда тұратын келіншектермен көп сырласам. Күйеуінен емес енесінен таяқ жейтін келіндер бар. Қайын атасының немерелерін тепкілеп ұрғанын көретін келіндер бар. Туған балаңды көзіңше біреу ұрғанын елестетудің өзі қиын. Жаным ашиды. Небір қорлыққа төзіп жүрген қазақ келіншектері бар екен. Инстаграм болмаса, мен мұндай сұмдық оқиғалар тек кинода деп ойлар едім. “Ұят болады” деген тәрбиемен өскен келіншектер кетіп қала да алмайды… төзіп жүр.

Есесіне, ерінің алдында түсіп, ақшаның соңында кеткен әйелдер де бар. Мен кез келген дүниеде баланс болу керек деп ойлаймын. Отымен кіріп, күлімен шығу керек дегенге қарсымын. Көп жағдайда бизнестің, мансаптың соңына түскен әйелдер үйге тек қонуға келеді. Оларда үй тірлігіне уақыт жоқ. Әйелдің нағыз бақыты отбасы, үйдегі берекесі деп білем. Қонақ келген үйге құт келеді. Күйеуін сыйлаған әйелді құдай да жақсы көреді емес пе?!

Айнара Байжан
Айнара Байжан: жеке мұрағат

Әлеуметтік желіде миллионер болуға шақыратын сабақтар көп. Марафондарды сатып алатын көбінесе әйелдер ғой. Осындай сабақтарға әйелдер ағылып қатысып жатыр. Нәтижесінде феминизмдік көзқарас кең етек жайып жатыр. Ұрпақты дүниеге әкеліп, тәрбиелейтін әйел болғандықтан ұлттың болашағы әйелге байланысты. Сондықтан қазіргі жас келіншектердің санасын улайтын ақпараттар мен сабақтарға фильтр керек», - дейді Айнара Байжан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1939197-enesinen-tayaq-zeitin-kelinder-de-bar-tanymal-qazaq-blogeri-aielderdi-osaq-basynda-qalmai-ruxani-damuga-saqyrdy/