Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Гүлшарат Жұбаева мемлекеттік органдардан онлайн курс сатушылар қызметіндегі заңсыздықты тоқтатуды талап етті

Опубликовано:

актриса
Фото: Facebook/Гүлшарат Жұбаева

Танымал актриса әрі кәсіпкер Гүлшарат Жұбаева әлеуметтік желіде жүздеген мыңға онлайн курс сатып, пайда тауып отырғандардан мемлекетке есеп беруді талап етті. Актриса осы мәселе бойынша ұлттық кәсіпкерлер палатасына, әкімдікке хабарласқанын, алайда ешбір органның онымен жұмысы жоқ екенін білген. Осыдан кейін Гүлшарат Жұбаева қоғамдағы мұндай заңсыздықты тоқтату керек деген ойға келген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Гүлшарат Жұбаева Facebook-те жазба қалдырып, онлайн курс сатушылардың заңды жұмыс істеп жүргеніне күмән келтірді. Өзі де бірнеше кәсіпті дөңгелетіп отырған актриса Instagram-да сондай бір курсты байқап көрмек болғанын айтты. Алайда курстың бағасын естіген актриса қатты таңғалған.

"Өткенде инстаграмда қаптаған курстарды көріп осылар не үйретеді екен деп өзіме қызық болып, "Прокачка" деген бір курсқа өтініш қалдырдым. Ертесі күні өздері хабарласты. Сыпайы қазақша сөйлеген қызға не үйретесіздер сонда десем: сол баяғы "түпсана, қорқыныштан арылу, ата-бабаңнан кешірім сұрау" дейді. 120 000 теңге онлайн курс! Бұл курстан кейін сіздің өміріңіз бұрынғыдай болмайды. 100% өзгересіз дейді. Мықты мотивация береді екен", - дейді курс авторларына қайран қалған Гүлшарат Жұбаева.

Актриса әлеуметтік желі қолданушыларының психологиялық курстан көз ашпай жатқанын да жазды.

"Осы кезге дейін ешқандай аффирмация оқымай-ақ ел қатарлы кәсіпкер болдық қой. Психолог еместер психологияны оқытып сөз сапырады. Бизнестің иісін білмейтіндер - бизнес тренер! Ол салада тәжірибесі бар ма, жоқ па, ешкім білмейді. Психолог деген жеке адамның мәселесі бойынша медициналық қызмет көрсететін маман. Яғни жаттап алған сөзді әр түрлі тағдырымен, әртүрлі мінезді, әртүрлі мүмкіндігі бар адамға жабыстыра беру психология емес. Ол адамның жан дүниесімен, жүйкесінің маманы. Бұндай жұмыспен арнайы медициналық білімі бар мамандар айналысуы қажет", - дейді ол.

Осы тұста Гүлшарат Жұбаева онлайн курстарында діни уағыз, хадистерді мысалға келтіріп айтатындарға сын көзбен қарауға шақырды.

"Айтып жатқаны ҚМДБ бекіткен мазхабқа сай нәрсе ме? Арнайы діни білімі бар ма? Олардың пәтуа айтуға құқығы бар ма? Кім тексеріп жатыр? Олар қандай идеологияны насихаттап жатыр? Мұның бәрі көз алдымызда болып жатыр", - деп жазды ашынған актриса.

Бірнеше кәсібін заң аясында жүргізіп отырған актриса желіде ақпарат сатып жүргендердің мемлекет алдындағы жауапкершілігі туралы да мәселе көтерді. Гүлшарат Жұбаева арнайы органдардың бұл саланы тәртіпке келтіруін сұрады.

"Олардың тұтынушымен мемлекет алдында міндеттері бар ма? Неге мұндай нәрселер қолға алынбайды? Таңертеңнен кешке дейін мемлекеттік қызметте жүрген дәрігер, мұғалімдер салық төлеп отырғанда неге бұлар мемлекет алдында не үйретіп жатқанына есеп беріп, салық төлемейді? Осы кәсіпкерлерді қоймай жан-жақтан СЭС бір келіп, салық, касса, чек, маска, карантин шаралары деп тексеріп жатқанда неге бұларды тексермейді? Тәртіпке салмайды? Осы мәселені көтеріп бүгін "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасына, "Қолдау" кәсіпкерлік орталығына, Алматы қаласы әкімдігіне хабарластым, ешқандай мемлекеттік орган бұл мәселе бойынша айналыспайды екен. Не болғанда да, мұндай курстарды заңдастыру керек деп ойлаймын", - деп сөзін қортындылады ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1939212-gulsarat-zubaeva-memlekettik-organdardan-onlain-kurs-satusylardyn-qyzmetindegi-zansyzdyqty-toqtatudy-talap-etti/