Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жалғыз қалуға болмайды": АҚШ-та оқып келген Гүлмира Дайрабаева жеке өмірі туралы сұхбат берді

Опубликовано:

Гүлмира Дайрабаева, Артур Асқарұлы
Видеодан кадр: Youtube/Динара Сәтжан

Төрт жыл бойы Америкада оқып, жақында ғана елге оралған тележүргізуші Гүлмира Дайрабаева алғаш рет сұхбат берді. Динара Сәтжанмен болған әңгіме барысында тележүргізуші АҚШ-тағы өмірі, ұлдарының тәрбиесі, болашаққа қойған жоспары және жеке өміріндегі сырын ашты деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Гүлмира Дайрабаева - үш ұлдың анасы. Үлкен ұлы елімізге танымал блогер, вайнер - Артур Асқарұлы. Анасы оқуға кеткенде Артур елде қалса, кіші ұлдары өзімен бірге ере барған.

Гүлмира Дайрабаева "мемлекеттік басқару" мамандығы бойынша үздік оқып шыққан. Мемлекеттік бағдарламамен білім алған қазақстандық тележүргізуші АҚШ-та ақшадан тарыққан кезі болғанын жасырмай айтты.

"Стипендия өмір сүруге жетпеді. 1858 доллар алып жүрдім. Бұл соманы үйді жалға алуға, тамақ, жол жүруге жеткізуіміз керек болатын. Мен көп шығындарымды өз қалтамнан төледім. Қол қусырып отырмай, киім дүкенінде менеджер болып жұмыс істеп көрдім. Ондағы менің міндетім - киімнің қоймада бар-жоғын тексеру. Жалақымды сағатына алдым. Робот сияқты жұмыс істедім. Бір апта ғана істеуге шамам келді. Екінші қабаттан астыңғы қабатқа қайта-қайта түсіп-шығу ауыр болды. Лифт жоқ. Аяғым шыдамады. Бір аптада 1500 доллар таптым да ол жұмыстан шығып кеттім. Өйткені үйдегі екі балама тамақ пісіріп беруге үлгермедім. Өзіме де уақыт жетпеді. Кітапханаға баруға уақыт таппадым.

Екінші жұмысым - сол елдегі армян диаспорасына жаңажылдық кешті жүргізіп бердім. Осылайша табыс тауып жүрдім. Мен одан ұялмаймын. Аз төледі, өйткені олар мені танымайды ғой. Олар маған ағылшынша және орысша білгеніме бола келісті. Адал еңбекпен ақша таптым", - дейді тележүргізуші.

Гүлмира Дайрабаева шетелде қара жұмыс істегенін үлкен ұлы Артурға тіс жарып, айтпаған. Оның сөзінше, егер ол өз проблемасын елде қалған ұлымен бөліскенде, бәлкім оның да көңілі жабырқап, қиынға соғар еді. Сұхбатта тележүргізушінің үлкен ұлы Артур анасы жырақта жүрсе де, қамқорлығын қатты сезінгенін айтады.

"Маған ұлдарым қанша жаста болса да балам болып қала береді. Мен аса қамқор анамын, бәлкім барлық аналар сондай болар. Бірақ менікі одан да зор", - дейді Гүлмира.

Тележүргізуші жеке өміріне байланысты Динара Сәтжанның тосыннан қойған сұрағына жауап берді. Ол екінші рет тұрмыс құруға қатысты ойын айтты.

"Мен екінші рет тұрмысқа шығуға дайынмын, ұлдарым рұқсат етеді. Мен шешімді ақылға салып, асықпай ойландым. Өйткені 20 жыл некеде болдым. Оның не екенін білемін. Ұлдарым есейсін дедім, айналасын танысын дедім. Олар болашақта өздері де отбасын құратынын түсінген соң, менің жалғыз қалуыма болмайды", - деді тележүргізуші.

Әңгіме барысында Гүлмира Дайрабаева 20 жыл бұрын АҚШ азаматтары асырап алған қазақ балаларын іздестіргенін де айта кетті. Тележүргізушіні қазақстандық бүлдіршіндердің қалай өмір сүріп жатқаны қызықтырған. Қаракөздердің арасында 11 дүркін чемпион атанған Американың волейболшысы да бар көрінеді.

"Мен Лос-Анджелесте тұрғанда қазақ балаларын іздеп табуды өзіме миссия санадым. Балаларға олардың туған жерінен келгенімді білдіргім келді. Өзім тапқан қазақ балаларының бірінен төрт отбасы бас тартқан екен. Өйткені бір орнында отырмайтын, гипербелсенді бала болған. Соңғы асырап алған отбасында әкесі жапон, анасы америкалық. Қазір сол жігіт - АҚШ-тың волейбол командасында ойыншы.

Мен оларға өзімде бар Қазақстанның иісі сіңген жеке заттарымды, киімдерімді үлестірдім. Оларға сыйға беретін зат таусылған соң, бауырсақ пісіріп апаратын болдым. Кейін өзім іздеп-тапқан асыранды қазақ балаларының басын біріктіріп үйіме қонаққа шақырдым", - дейді тележурналист.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1939229-asa-qamqor-anamyn-amerikada-oqyp-kelgen-telezurgizusi-gulmira-dairabaeva-zeke-omiri-turaly-suxbat-berdi-video/

pixel