RU

Қарағандыда 13 жасар қызды зорлаған жалған имамға шыққан сот үкімі өзгеріссіз қалды

Молда
Көрнекі фото: qamshy.kz

Қарағанды облыстық сотының апелляция алқасы кәмелетке толмаған қыз баланы зорлағаны үшін сотталған ер адамның жазасын өзгеріссіз қалдырды. Ол өңірдегі кенттердің бірінде өзін имам ретінде таныстырып, бірнеше рет 13 жасар жасөспірім қызбен қатынасқа түскені үшін 20 жылға бас бостандығынан айырылған болатын деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың қаңтар айында полиция Қарағанды облысы кенттерінің бірінде өзін имаммын деп таныстырған ер адамды ұстады. Жалған имам жәбірленушінің ата-анасымен сенімді қарым-қатынаста болып, ересектердің жоқтығын пайдаланып, бірнеше рет 13 жасар қызды зорлаған.

Салдарынан қыз бала жүкті болып қалған . Тергеу кезінде қаскүнемнің кінәсі дәлелденіп, Қылмыстық кодекстің 120-бабы 4-бөлігі бойынша 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда сотталушы қыз бала онымен өз еркімен байланысқа түскенін айтып, апелляциялық шағым жазған.

"Сотталғанның кінәсі сотта зерттелген дәлелдемелермен, оның ішінде жәбірленушінің, оның заңды өкілінің, куәлардың айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен және басқа іс материалдарымен толық дәлелденген.

Сотталғанға негізгі және қосымша жаза оның жасаған іс-әрекетіне байланысты заңда көрсетілген шекте, қылмыстың сипаты мен қоғамға қауіп дәрежесі, жеке басы, жәбірленушінің пікірі ескеріліп дұрыс тағайындалған. Тағайындалған жазаның мөлшерін азайтуға, сотталғанның әрекеттерін қылмыстық заңның басқа бабымен қайта саралауға сот алқасы негіз анықтамады. Үкім заңды күшіне енді", - деп мәлімдеді Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1939232-qaragandyda-13-zasar-qyzdy-zorlagan-zalgan-imamga-syqqan-sot-ukimi-ozgerissiz-qaldy/