Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев елдегі интернет пен байланыс сапасына көңілі толмайтынын айтты

Опубликовано:

Тоқаев
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Era Lifestyle тақырыбында өткен дәстүрлі Digital Bridge халықаралық технологиялық форумына қатысты. Жиында мемлекет басшысы елдегі интернет пен байланыс сапасына баса назар аударды, деп хабарлайды Ақорда.

Үшінші рет өткізіліп отырған жиынға президент әкімшілігінің басқарушы құрамы, премьер-министр мен үкімет мүшелері, мемлекеттік органдардың басшылары, отандық және халықаралық сарапшылар қатысты.

Мемлекет басшысына стартаптар аллеясы таныстырылып, Astana Hub IT экожүйесінің қазіргі жұмысы туралы баяндалды. Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Цифрландыру жүйесін енгізу мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті.

Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар басым міндетке назар аудару қажет екенін атап өтті.

Атап айтқанда, президент көрсетілетін мемлекеттік қызметтің барлық түрін үнемі жаңғыртып отырудың маңыздылығына назар аударды.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы еліміздегі интернет пен байланыс сапасына көңілі толмайтынын айтты.

"Қазіргі кезде нақты емес нәрсені сату қалыпты жағдайға айналды. Олар интернет параметрлерінің бірін жарнамалайды да, шын мәнінде мүлде басқасын ұсынады. Жақсарып жатқан ештеңе жоқ. Маған берілген мәлімет бойынша, тіпті елорданың өзінде, сөз бен істің алшақтығы 40-50 пайызға дейін жетеді. Бұл, шын мәнінде, тұтынушыларды алдау деген сөз. Мұндай өрескелдікті доғару керек.

Үкіметке әкімшілік құрамды заңдық негізде бекітуді және бұндай заң бұзушылықтар үшін санкциялар белгілеуді тапсырамын. Біз үнемі Қазақстанның аумағы жүз пайызға жуық интернетпен қамтылды деп айтып жүрміз. Кәнеки мәселенің басын ашып алайық, осы іс жүзінде расталған ақпарат па әлде жоқ па?  Немесе ойымыздағыны шындық деп санаймыз ба?", – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жеке мәліметтердің қауіпсіздігіне де ерекше тоқталды.

"Цифрлық инфрақұрылым қалыптастыру мәселесі, оның қауіпсіздігіне деген жауапкершілікті қоса жүктейтінін түсіну керек. Яғни, жеке мәліметтер құқықтық тұрғыдан да, физикалық жағынан да сапалы қорғалуға тиіс.

Бұл мемлекеттік жүйелерге ғана емес, мемлекетпен тығыз интеграцияланған жалпы цифрлық экожүйеге де қатысты. Үкімет азаматтардың жеке деректерінің жоғалуына және ұрлануына қатысты жауапкершілікті қатаңдату жөнінде заңнамалық өзгерістер топтамасын әзірлеуі керек", – деді мемлекет басшысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1939283-toqaev-eldegi-internet-pen-bailanys-sapasyna-konili-tolmaitynyn-aitty/

pixel