RU

Түркістанның бас полицейі: Сервистік полицияны құру аясында сан түрлі жоба іске асырылуда

Түркістан облысының Полиция департаменті
Фото: Түркістан облысының Полиция департаменті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында полицияны бағалау өлшемдерін түбегейлі өзгерту, полиция қызметінің сервистік модельге көшуі басым бағыттардың бірі болды.

Осы бағытта ішкі істер органдары қызметкерлерінің сервистік модельге көшуі қарқынды іске асырылып келеді. Өйткені негізгі мақсат – қажеттіліктерге жауап беретін және қоғаммен серіктестікте жұмыс істейтін кәсіби, өкілді, жұртқа жақын, ашық әрі қолжетімді полиция қызметін құру. Сонымен қатар сервистік модель аясында полицияның халықпен өзара іс-қимылын оңтайландыру, ең алдымен полиция қызметкерлеріне деген сенімге, серіктестік қағидаттарына негізделу.

Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласы тарихи өңір болуымен қатар, ғасырдан ғасырға дейін жалғасып, өзінің кереметтілігімен туристерді тартып, олардың ағылып келуіне ықпал етіп отырған әйгілі Қ.А.Яссауи кесенесі де осы аумақта орналасқан. Сондықтан берілген бұл мүмкіншілікті оңынан пайдаланып, қасиетті мекенді туризм орталығына айналдыру жұмыстары үзіліссіз жүзеге асырылып жатса, туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, солардың тілінде еркін сөйлейтін полицейлердің қатарын арттыру ҚР Ішкі істер министрлігі тарапынан мықтап қолға алынған.

Түркістан облысының Полиция департаменті
Фото: Түркістан облысының Полиция департаменті

«SOS» батырмасы – қауіпсіздіктің кепілі

Бұл сөзімізге дәлел «SOS» батырмасы. Яғни өңірімізге келген турист, еліміздің азаматы полиция тарапынан жәрдемді қажет етсе немесе қауіпке тап болған кезде бірден көзге көрінікті орындарға қойылған «SOS» батырмасына қолын апарып басып, болған жайт бойынша хабар бере алады. Арнайы хабарлама бірден полиция қызметкерлерінің жедел желісіне түседі. Оператор сол мезетте жақын маңдағы полиция қызметкерін көмек қажет орынға бағыттап, қылмыс пен тәртіпсіздіктің алдын алады. Сонымен қатар осы қызметті мобильдік қосымша арқылы да алуға болады. Яғни батырма тақталарынан бөлек арнайы қосымшалар да жетілдіріліп, қолданылып келеді. Негізі мұндай жобалар өз кезегінде туристерге жайлылық пен қауіпсіздік береді.

Түркістандағы тәулік бойы қызмет көрсететін стационарлық бекеттер

Сервистік полицияны дамытуда стационарлық бекеттер мен туристік полицейлерді де мысал ретінде айтып өтуге болады. Себебі бұл жобалар өз кезегінде халық пен мемлекет үшін маңызды әрі аса қажетті екендігін дәлелдеп отыр.

Стационарлық полиция бекеттері тәулік бойы қызмет көрсетеді. Бүгінгі таңда облыс аумағында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында адамдар көп шоғырланатын жерлерде біздің Полиция департаментінің 13 стационарлық бекеті қойылып, жұмыс істеп тұр. Оның ішінде қазіргі заманауи талапқа сай 6 стационарлық модульдік пункт тәуліктеп қызмет көрсетеді. Әрбір стационарлық бекетте қызметкерлер кезекшілікке түсіп, тәртіпті қадағалайды. Аталмыш бекеттердің барлығы заманауи техникамен, атап айтқанда портативті бейнетіркеуіштермен, радиостанциялармен және планшеттермен жабдықталған.

Тағы бір ерекшелігі стационарлық бекеттер сыртқы бейнебақылау камерасымен жабдықталып, Жедел басқару орталығына қосылған. Олар жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық орындарда, көшелерде қылмыстың алдын алу бойынша қызмет атқаруда.

Заманға сай туристік полицияны одан әрі де жетілдіру жұмыстары

Түркістан облысының Полиция департаменті
Фото: Түркістан облысының Полиция департаменті

Түркістан облысында туристік полиция 2019 жылдан бері қызмет етіп келеді. Яғни облыстың Түркістан қаласы мен Отырар ауданындағы тарихи музейлер орналасқан өңірлерге туристік полиция қызметкерлері бөлінген. Үш жылға жуықтады туристерге қызмет көрсетіп келе жатқан киелі Түркістан облысында туристік полиция қарқынды қызмет етіп келеді. Басты мақсат елімізге келіп жатқан шетел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мемлекетіміздің имиджін арттыру, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау. Туристік полицейлер арнайы киім, қажетті техника және құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Тарихи нысандарды аралап жүруге өте ыңғайлы арнайы электромобильдермен жабдықталған.

Негізі туристік полицияның басты мақсаты - Қазақстан Республикасының халықаралық имиджінде туристік тартымдылығын арттыру, елімізге шетел азаматтарының келген кездегі қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету және оларды толғандырған кез-келген сұрағы бойынша ақыл-кеңес беру, келеңсіз жағдайлар орын алса көмек көрсету.

Сондықтан туристік полицейлердің ел тарихы мен шет тілдерін жетік меңгеруі аса қажет. Осы мақсатта бүгінде Түркістан қаласында Халықаралық туризм және меймандостық университеті жаңадан бой көтеріп, туристік орталыққа қажетті мамандарды даярлап жатыр. Соның ішінде полиция қызметкерлері де осы білім ордасында біліктіліктерін арттыруда.

Түркістан облысының Полиция департаменті
Фото: Түркістан облысының Полиция департаменті

Мәселен, бұл университетте жыл басынан бері 492 полиция қызметкері білім алып шықты. Олар ағылшын, түрік тілдерін тереңдете оқып, алыс-жақын шетелдерден келген азаматтарға қамқоршы, қала тарихын жетік білетін білікті маман екенін көрсету бойынша курстан өтті. Ендігі мақсат осы жылдың соңына дейін аталған жоғарғы оқу ордасынан білім алған полицейлердің санын 1000-ға жеткізу. Олардың ішінде халықпен тығыз байланыста болатын Түркістан облысы Полиция департаментіне бағынысты учаскелік полиция инспекторлары, патрульдік полиция және ювеналды полиция құрылымдарының қызметкерлері бар.

Түркістан облысының Полиция департаменті
Фото: Түркістан облысының Полиция департаменті

Яғни тәртіп сақшыларымыз Халықаралық туризм және меймандостық университетінде 3 күн бойы шет тілдерін тереңдете оқып білім алады. Одан бөлек келген туристермен қалай байланыс орнату керектігін үйренеді. Түркістан қаласының тарихын жатқа біледі. Содан соң осы алған білімдерін сынақ тапсыру арқылы дәлелдейді. Курс соңында полицейлерге арнайы сертификаттар табысталады.

Сөзімді қорытындылай келе мұндай іске асырылып жатқан тың жобалардың арқасында елімізге пайда әкеліп, әлемге танылуына себепкер болатын туристердің саны одан әрі де артып, тұрғындар мен қонақтардың қауіпсіздігі және оларға көрсетілетін қызмет сапалы болмақ. Себебі біздің басты ұстанымымыз - қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен қылмысты болдырмау.

Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1939418-turkistannyn-bas-policeii-servistik-policiyany-quru-ayasynda-san-turli-zoba-iske-asyryluda/