Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ойыншыққа жасырған": Ақмола облысында есірткі таратты деген күдікпен екі студент қыз ұсталды (видео)

Опубликовано:

Есірткі
Видеодан кадр: polisia.kz

Ақмола облысында синтетикалық есірткі таратты деген күдікпен екі қыз ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақмола облысы ЕҚҚІБ бастығы Мейрам Жапбасовтың айтуынша, "Рефлекс" жедел алдын алу іс-шарасы кезінде Көкшетау қаласының аумағында синтетикалық есірткілерді жасырумен айналысты деген күдікпен екі колледж студенті ұсталған.

Олар бұл істі қосымша жұмыс іздеп жүріп, интернеттегі хабарландыру арқылы тапқан. Хабарландыруда асханадағы жұмыс көрсетілген. Онда табыс күніне 30 мыңға дейін жететіні айтылған. Алайда хат алмасу барысында қыздар бұл істің есірткімен байланысты екенін түсінген, соған қарамастан ұсыныстан бас тартпаған.

Жапбасовтың сөзінше, күдіктілер синтетикалық есірткі заттарын "Оқжетпес" стадионының жанында жасырған.

Жедел қызметкерлердің мәліметінше, қыздар бірге жұмыс істеген. Бірі есірткіні жасырса, екіншісі оның қайда жасырылғанын түсіріп, тапсырыс берушімен хат алмасып отырған. Тінту кезінде студенттің бірінен белгілі бір иісі бар, ақ және көк түсті 34 түйір есірткі тәркіленген. Ал ойыншық қонжықтың ішінде 60 түйір есірткі бары анықталған.

"Қазіргі уақытта аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 296-бабы 2-бөлігі бойынша сараптама тағайындалды, оның нәтижесі бойынша іс Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі бойынша қайта сараланатын болады. Бұл бап бойынша 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған", – дейді Мейрам Жапбасов.

Жыл басынан бері Ақмола облысында 12 есірткі жасырушы ұсталған, олардың үшеуі – кәмелетке толмағандар. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1939457-aqmola-oblysynda-oiynsyqqa-esirtki-zasyrdy-degen-kudikpen-eki-student-qyz-ustaldy-video/

pixel