RU

"Қазақконцерт" ұйымына Роза Бағланованың есімі берілді

Видеодағы кадр
Роза Бағланова. Видеодан кадр: youtube.com/Aidar Zhoranov

"Қазақконцерттің" ресми атауы ауысты. Еліміздің бас концерттік ұйымына КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың есімі берілді деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Қазақконцерттің" атауы үкіметің 17 тамыздағы қаулысына сәйкес ауысты.

2022 жылы қазақтың бұлбұл әншісі Роза Бағланованың туғанына 100 толуына орай мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы әншінің есімін халық жадында мәңгі сақтау үшін шараларды қабылдауды тапсырған еді.

Ұйым басшысы Жеңіс Сейдуллаұлының айтуынша, "Қазақконцерт" ұжымы үшін бұл – өзекті тапсырма.

"Қазақконцерт" тарапынан ұйымға Роза Бағланованың есімін беру мәселесін қарастыру жөнінде Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың атына хат жолданған болатын. Бұл игі бастаманы халық әртістері, "Қазақконцерт" құрамында өнер көрсетіп жүрген еліміздің еңбек сіңірген қайраткерлері, мәдениет үздіктері мен жас таланттар бірден қолдады.

Олардың қатарында: Бибігүл Төлегенова, Нұрғали Нүсіпжанов, Мұрат Құсайынов, Ақжол Мейірбеков, Алтынбек Қоразбаев, Роза Рымбаева, Айман Мұсақожаева, Нағима Есқалиева, Мақпал Жүнісова, Айжан Нұрмағамбетова, Бағдат Самединова, Жеңіс Ысқақова, Құрмаш Махан, Азамат Жылтыркөзов, Ерлан Рысқали, Медет Чотабаев, Әміре т.б. орындаушылар бар.

Аталған шара Роза Бағланова есімінің ұлт жадында, келешек ұрпақтың есінде мәңгі сақталуына және уақыт өткен сайын қайта жаңғырып отыруына елеулі үлес қосады деп білеміз", – дейді Жеңіс Сейдуллаұлы.

Өткен концерттік маусымда өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өткен "Қазақконцерттің" тарихына үңілсек, Роза Бағланова бұл ұйымда 1960 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін жемісті еңбек еткен.

"Қазақконцерттің" негізін қалаушылардың бірі, ұйымның әншісі болып қазақтың ән өнерін дамытуға өлшеусіз зор үлес қосқан.

Көзі тірісінде аты аңызға айналған Роза Тәжібайқызы майдан даласында ән салып, әсем даусымен бүкіл әлемді тамсандырды.

Бар ғұмырын халқына арнаған Роза Бағланова бойындағы талантымен қазақ өнерінің ұлылығын паш етіп, еліміздің рухани байлығын асқақтата түсті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1939570-qazaqkoncert-uiymyna-roza-baglanovanyn-esimi-berildi/