RU

Батыс Қазақстанда 60-қа жуық мұғалімнен коронавирус табылды

Қорап ұстаған әйел
Көрнекі фото: piqsels.com

Батыс Қазақстан облысында 1 қазаннан бері 266 оқушы мен 59 мұғалімнен коронавирус анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, сондай-ақ арнаулы орта оқу орындарында 32, ЖОО-да 13 студенттен індет табылды. Оның сөзіне қарағанда, өңірде 6 мектепте 7 сыныптың оқушылары мен мұғалімдерін үй карантиніне көшіру туралы 5 қаулы шығарылды.

Жыл басынан бері 29 613 науқас тіркеліп, 100 мың тұрғынға шаққанда, көрсеткіш 4483,2-ден келеді. Ауырғандардың басым көпшілігі, яғни 48 пайызы (14 268) Орал қаласы, 15 пайызы (4384) Бәйтерек, 13 пайызы (3697) Бөрлі ауданының үлесіне тиеді.

Соңғы аптада (22-28 қазан) алдыңғымен (15-21 қазан) салыстырғанда, ауру жұқтыру 6,4 пайызға (312-ден 292-ге) азайды. Қазан айында 1362 адам коронавирус жұқтырса, соның 773-і (57 пайызы) ЖРВИ белгілері бойынша тексерілген. 332-сі (25 пайызы) бұрын ауырғандармен қарым-қатынаста болған. 242-сінен (17 пайызы) профилактикалық мақсатта, 15-інен (1 пайызы) стационарда жатқызар алдында сынама алынған.

Жас ерекшеліктері бойынша 41-60 жастағылар (376) арасында көбірек анықталуда. Осы айда мемлекеттік шекарадан анықтамасыз өткен 1082 жолаушының екеуінен індет табылды. Халықаралық жүк тасымалымен айналысатын, анықтамасы жоқ 1859 жүргізушінің үшеуі ауру жұқтырған болып шықты.

"1 қазаннан бері үйлерінде оқшаулануы тиіс 143 адамның карантин талабын бұзғаны анықталды. Соның 120-сы – «қызыл», 23-і – "сары" мәртебесі барлар. 10 маусымнан бері карантин тәртібін бұзғандарға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 425-бабы 1-бөлігіне сәйкес 146 хаттама толтырылып, 6,359 млн астам теңге айыппұл салынды", - деді Н.Мұстаев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 235 мыңна астам адамның коронавирусқа қарсы екпе алғанын жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1939635-batys-qazaqstanda-60-qa-zuyq-mugalimnen-koronavirus-tabyldy/