Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

LRT ісі: Бас прокурор қашқын шенеуніктер туралы ақпарат жариялады

Опубликовано:

Астана Лрт
Фото: inbusiness.kz

Қазақстан Astana LRT ісі бойынша халықаралық іздеу жарияланған Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековты ұстап беру мәселесі бойынша Интерполға сұрау жолдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Түркия сақшылары Арданды іздестіруге кірісті 

Бұған дейін "Ақ жол" фракциясының депутаттары қылмыстық істің негізгі фигуранттары – қала әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен "Астана LRT" экс-басшысы Талғат Арданды ұстау шараларының атқарылып жатқанына күдік келтірді. Оған қоса, бұқаралық ақпарат құралдарында "Сұлтанбеков мен Ардан Интерполдың тізімінде жоқ" деген мәлімет тарады. Оны ешкім жоққа шығармады. Осыған байланысты депутаттар бас прокурордан мәселенің мән-жайын түсіндіріп беруді талап еткен.

Бас прокурордың айтуынша, қазіргі кезде екеуіне қатысты ақпарат Интерполдың деректер базасында бар. Ал оны жариялау туралы түпкілікті шешімді ұйымның штаб-пəтері қабылдайды.

"Талғат Арданның Түркия Республикасының аумағында жүргені туралы ақпаратқа сәйкес аталған мемлекеттің құзыретті органдарына оны ұстап беру туралы сұрау жіберілген болатын. 2021 жылдың 15 сәуірінде Түркияның Интерполынан Стамбул қаласы "Бақыркей" ауданының қылмыстық соты Арданды қамауға алу (сырттай) туралы қаулы шығарғаны туралы ақпарат алынды", - делінген ресми жауапта.

Қазіргі кезде Түркия аумағында іздеу салынған адамды анықтау жəне ұстау іс-шаралары атқарылып жатыр.

Бас прокурордың жауабына сәйкес, Қанат Сұлтанбековтың Америкада анықталуына байланысты осы елдің әділет министрлігіне оны ұстап беру туралы сұрау хаты жіберілді. АҚШ ол хатты қарап жатыр.

Осы орайда бас прокурор іздеуде жүрген лауазымды тұлғалардың мүлкіне тыйым салу мәселесіне де түсініктеме берді. Тергеу кезінде анықталған залалдың сомасы 5,8 миллиард теңгені құрады. Бұл ретте Сұлтанбеков пен Арданның үлестері нақты қанша болғаны анықталмады.

Тергеу кезінде Сұлтанбековтың атына тіркелген мүлік анықталды. Ол – Алматы қаласындағы тұрғын емес үй-жайы бар жер учаскесі мен пəтер. Сот қаулысымен бұл мүлікке бұғау салынды. Ал Арданның мүлкі анықталмады.

Қаржы мониторингі агенттігінің мəліметіне сәйкес, Сұлтанбеков пен Арданның, сондай-ақ олардың айналасындағы адамдардың атында шетелде қандай да бір актив болмаған. Активтерді шетелге шығару фактілері де тіркелмепті.

Депутаттардың талабы   

Өткен айдың соңында "Ақ жол" фракциясы LRT ісі бойынша шетелге қашып кеткен екі адамға іздеу салынғанына күдік келтіріп, бас прокурорға депутаттық сауал жолдаған.

Депутат Мақсат Раманқұлов сотта жеті адамның аппеляциясы қаралып жатқанын, ал қылмыстық істің негізгі фигуранттары – қала әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен "Астана LRT" экс-басшысы Талғат Арданға халықаралық іздеу салынғанын айтты. Алайда кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында "Сұлтанбеков мен Ардан Интерполдың тізімінде жоқ" деген мәлімет тарады.

"Ал әлеуметтік желіде олардың отбасы мүшелері Нью-Йоркте бейқам әрі молшылықта өмір сүріп жатқанын көрсетіп, жиі жазба жариялап тұрған. Сонда қылмыстық жауапкершіліке тартылған адамдарды ешкім іздеп жатқан жоқ. Олар елден ұрлаған миллиардтаған ақшаны емін-еркін жұмсай алады. Демек сол ақшаны қайтару мәселесі де кейінге қалып отыр. Шамасы біздің құқық қорғау органдарымыз олардың ақшаны толығымен жұмсағанын күтіп отырған сияқты", - деді Раманқұлов мәжілістің жалпы отырысында

Оның айтуынша, халықаралық іздеу жариялау тәртібіне сәйкес, бас прокуратура алдымен Интерполдың Лион қаласындағы штаб-пәтеріне өтініш жолдайды. Алайда сотталған жеті адамның адвокаттары Қазақстан прокурорларының Интерполға берілетін тапсырысты дұрыс рәсімдей алмағанын жеткізді. Сол себепті қашып кеткен екі адамның жүрген жері белгілі болса да, оларды ұстау шарасы қолға алынып жатқан жоқ.

Осы орайда депутат тағы бір маңызды мәселені ескеру керек деді. Шетелге заңсыз шығарылған ақшаны сол елдің өзі тәркілеп алуы да мүмкін. Ал оның бәрі шенеуніктердің меншігі емес, бұл – Қазақстан халқының ақшасы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1939679-lrt-isi-bas-prokuror-qasqyn-seneunikter-turaly-aqparat-zariyalady/

pixel