Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әр басшының астында бір көлік": Ақтөбеде жүргізушілер мұнай компаниясы басшыларын тасудан бас тартты

Опубликовано:

Видеодағы кадр
Видеодан алынған кадр: NUR.KZ

Ақтөбеде мұнай компаниясына жалданып қызмет ететін жүргізушілер бүгін жұмысты тоқтатып, наразылыққа шықты. Басты мәселе – еңбекақы. Нан бағасы мен жанар-жағармай құнының аспандап кеткенін айтқандар мәселеге әкімдіктің араласуын сұрайды.

Ақтөбе облысы Темір ауданындағы Жаңажол және Кеңқияқ кентіне қарасты мұнай компанияларының басшылары мінетін қызметтік көлік жүргізушілері бүгін 1 қарашада жұмысқа шықпай қалды. "СНПС-Ақтөбе көлік компаниясы" ЖШС-де жұмыс істейтін жүргізушілер тарифті көтеруді сұрайды.

"Негізгі мәселе – жалақы. Қазір барлық жерде қымбатшылық. Қара нан бағасы ұшып тұр. Газ тапшы әрі қымбат. Сол үшін де бүгін Жаңажолда бірнеше мұнай компаниясына қызмет көрсететін жүргізушілер жұмысты тоқтатты. Біз тапсырыс беруші төлейтін ақшаны жүргізушілерге 70 пайыз қылып төлеуді сұрап тұрмыз. Қазір демалыссыз жұмыс істеп, 200-260 мың теңге көлемінде жалақы аламыз. Газ бағасы қымбат болғандықтан бұл ақша мардымсыз", – дейді наразылыққа шыққан жүргізуші Ертай Айтжанов.

Айтуынша, Кеңқияқ және Жаңажол мұнай компанияларына қызмет көрсететін 120-дай жүргізушінің талабы бір. Әр басшының астында бір көлік екенін айтқан жүргізушілер әкімдіктің араласуын сұрайды.

Жағдайды облыс әкімдігі анықтауға уәде берді. Мұнайшылар талабын тыңдау және зерттеу үшін еңбек инспекциясы өкілдері мен арнайы мамандар жолға шыққан.

"Қазір бір топ мамандар осы сұрақты шешу үшін Жаңажол-Кеңқияқ кентіне шығып кетті. Жағдай мұнай компаниясы аумағында болып жатыр. "СНПС-Ақтөбе көлік компаниясы" жеңіл және ауыр көліктердің қызметін ұсынады. Бүгін оның 65 жеңіл көлік жүргізушісі жұмысқа шықпай қалды. Олар атқарған қызмет үшін тарифті көтеруді сұрайды. Себебі жанар-жағармай бағасы өскендіктен жалақы мардымсыз деп отыр. Қазіргі уақытта әкімшілік және құзырлы орган өкілдерінен құралған топ жағдайды анықтау жұмысын жүргізеді", – дейді облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Талғат Есқарин.

Облыстық еңбек инспекциясының мәліметінше, биыл Ақтөбеде оншақты мұнай компаниясының жұмысшылары жалақының аздығына қатысты шағым түсірген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1939955-ar-bassynyn-astynda-bir-kolik-aqtobede-zurgizusiler-munai-kompaniyasynyn-bassylaryn-tasudan-bas-tartty/

pixel