RU

Қазақстанда 1 қарашадан бастап не өзгереді

Көрнекі
Көрнекі фото: pexels.com

Қазақстанда қараша айы жаңашылдықтарға толы болмақ. Бүгіннен бастап мектеп оқушылары күзгі демалысқа шықты, одан бөлек, денсаулық министрлігі ревакцинация науқанын бастауды көздеп отыр. Осы және басқа өзгерістерді Sptnik Қазақстан тізіп шықты.

Қайта вакциналау науқаны

Денсаулық сақтау министрлігі қараша айының үшінші онкүндігінен халықты ревакцинациялауды жоспарлап отыр.

Қайта вакциналау кезінде адамдарға вакцинаның тек бір дозасы егілмек.

"Коронавирус инфекциясына қарсы вакциналаудың толық курсы аяқталғаннан кейін 6-9 айдан соң қосымша доза салдыру ұсынылады", - деген еді денсаулық министрі Алексей Цой.

Спутник V вакцинасын салдырғандар 9 айдан кейін инактивтелген Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in немесе Pfizer вакцинасын ала алады.

Ал керісінше, Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in вакцинасы егілгендерге 6 айдан соң векторлық Спутник V немесе м-РНК-вакцина (Pfizer) салынады.

Pfizer салғызғандарға алты айдан кейін инактивтелген Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in немесе векторлық Спутник вакцинасын қайта салу ұсынылады.

Ақылы жолдар

1 қарашадан бастап Қазақстанда көлік жолдарының жеті учаскесі ақылы болады.

Олар:

  • Нұр-Султан – Павлодар,
  • Шымкент – Өзбекстан шекарасы (Ташкентке қарай),
  • Щучье – Көкшетау,
  • Қапшағай –  Талдықорған,
  • Шымкент – Тараз,
  • Тараз –  Қайнар,
  • Шымкент – Қызылорда.

Бұл учаскелердің тарифі қазіргі ақылы жолдардың бағасымен бірдей болмақ. Жолақы құны көлік түрі мен бағдар ұзақтығына байланысты.

Мәселен, Нұр-Сұлтан-Павлодар тас жолымен жүретін жеңіл көліктер 380 теңге төлесе, автобустар үшін жолақы 1 870 теңгеден 5 610 теңгеге дейін. Ал жүк көліктері үшін 1 870 теңгеден 9 380 теңгеге дейінгі аралықта болады.

Жолақысын интернет-банкинг, төлем терминалдары, сондай-ақ SMS арқылы төлеуге болады.

Оқушыларда каникул басталды

Еліміздің мектептерінде бірінші тоқсан аяқталды. Оқушылар бүгіннен бастап күзгі демалысқа шықты. Каникул тура бір аптаға созылады. Дүйсенбі, 8 қарашада балалар мектепке қайта оралады.

Келесі каникул – Жаңа жылда. Қысқы демалыс 30 желтоқсаннан 9 қаңтарға дейін созылады.

Ал көктемде 12 күн – 19 мен 30 наурыз аралығында демалады.

1-сыныптар үшін қосымша жеті күн демалыс берілген, ол 2022 жылдың 7-13 ақпанына тура келеді.

Магистратураға құжат қабылдау

Білім саласында тағы бір жаңалық бар. Бүгін, 1 қарашадан магистратураға түсу үшін екінші рет өткізілетін кешенді тестілеуге құжат қабылдау басталады.

Ол үшін Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында тіркелу керек. Құжат 1-15 қараша аралығында қабылданады. Кешенді тестілеу 18 қараша мен 11 желтоқсан аралығында өтеді. Тесті сәтті тапсырған үміткердің магистратураға бөлінген грантты ұтып алуға мүмкіндігі бар.

Үміткерлер дәстүрлі түрде шет тілі, білім бағдарламалары тобының бейіні бойынша және оқуға дайындығын анықтау бойынша тест тапсырады. Шет тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификаты бар адамдар автоматты түрде тестілеуден босатылады.

Мемлекеттік білім тапсырысы және ақылы негізде ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін шекті балл – 75, бейінді магистратура үшін 50 балды құрайды.

Магистратураға білім гранттарын тағайындау конкурсына құжаттар 25 желтоқсанға дейін қабылданады. Магистратураға қабылдау 26 желтоқсан мен 10 қаңтар аралығында өтеді.

Бұған дейін білім министрі Асхат Аймағамбетов магистратураға оқуға қабылдау жылына екі рет өткізілетінін хабарлады. Жазда грантқа түсе алмағандар және бұрын кешенді тестілеу тапсырмағандар үшін күзде екінші мәрте кешенді тестілеу ұйымдастырылады.

Дизель отыны

Қараша айында елімізден бензин және дизель отынын шығаруға тыйым салу мерзімін ұзарту жоспарланып отыр. Тыйым жарты жылға енгізіледі деп күтілуде. Бұйрық әзірге ресми түрде қабылданған жоқ, мемлекеттік органдарда талқыланып жатыр.

Қазір елдегі дизель отынының тапшылығы көп адамды мазалап жүр. Энергетика министрлігінің мәліметінше, тамыз айының соңынан бері дизель қоры азая бастаған. Оған Қазақстанда жанар-жағармай бағасының төмен болуы да әсер етті. Жүк көліктерінің дені, "солярканы" Қазақстаннан құйып алуға тырысады.

Тапшылықпен күресу үшін үкімет бензин мен дизель отынын Қазақстаннан шығаруға тыйым салды.

Ең арзан пәтерден құр қалмаңыз

Нұр-Сұлтанда жастардан сатып алу құқығынсыз жалға берілетін баспанаға өтінім қабылдау басталады.

Арендалық тұрғын үй тек жұмыс істейтін жастарға бес жылға беріледі. Яғни, 5 жылдан кейін пәтерді босату қажет. Бірақ осы мерзім ішінде жастардың өз үйін сатып алуға ақша жинауға мүмкіндігі болады.

Мысалы, қазір елордалық жастар ай сайын 90 000 – 120 000 теңгеге пәтер жалдап тұрса, арендалық баспанаға небәрі 5 000 – 15 000 теңге төлейді.

Құжат тек электронды түрде тапсырылады.

Байқау шарттары:

  • 29 жасқа толмаған Қазақстан азаматы;
  • аяқталған орта/арнайы орта/жоғары/жоғары оқу орнынан кейінгі білім және ресми жұмыстың болуы;
  • Нұр-Сұлтан қаласында соңғы 2 жылдан кем емес тұрақты үздіксіз тіркелу;
  • өтініш берушінің және отбасының барлық мүшесінің меншігінде баспананың болмауы;
  • төлем қабілеттілігін растау (ай сайынғы табыс кемінде 116 680 теңге/соңғы 6 айда 40 АЕК).

Құжат тапсырған тұрғындар арасында іріктеу балдық жүйе бойынша жүргізіледі. Өтінімді қарау кезінде отбасындағы бала саны, еңбек өтілі, кәсіби жетістіктер, жұмыс орны, банктегі жинақтары ескеріледі.

Еуропаға әуе рейсі

4 қарашадан "Северный ветер" (Nordwind) әуе компаниясы Қазақстаннан Ресейдің Калининград қаласына рейстер ашады. Әуе рейсі апта сайын орындалады.

Калининградқа Нұр-Сұлтаннан (сенбі сайын) және Алматыдан (бейсенбі сайын) жетуге болады. Жолаушыларды Boeing-737 тасымалдайды.

Калининград облысы Еуропаның қақ ортасында, Польша мен Литва арасында орналасқан.

Аяқ киімді міндетті таңбалау

Қазақстанда 1 қарашадан бастап аяқ киім өндірушілер мен импорттаушылар тауарды міндетті түрде таңбалауы қпжет. Цифрлық Data Matrix коды жоқ аяқ киімдерді елге әкелуге тыйым салынады.

Бұл шара нарықтағы контрафактілік өнімдерді азайтады деген жоспар бар. Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегі бойынша аяқ киімнің көлеңкелі нарығы жалпы көлемнің шамамен 48,5 пайызын құрайды. Міндетті таңбалаудың арқасында осы көрсеткішті төмендетуге мүмкіндік бар. Ал тұтынушылар Naqty Onim мобильді қосымшасы арқылы таңбаланған тауардың түпнұсқалығын оңай тексере алады.

Егер кәсіпкер аяқ киімді таңбалап үлгермесе, оған мұндай тауарларды 2022 жылдың сәуіріне дейін сатуға мүмкіндік беріледі. Осы мерзімнен кейін таңбаланбаған аяқ киімдерді сатуға мүлде тыйым салынады.

Егер цифрлық таңбалау міндеті 1 сәуірге дейін де орындалмаса, кәсіпкер тауарды 2022 жылдың 1 қарашасына дейін таңбалауға міндетті болады.

Қазақстандық өндірушілер аяқ киімді өндірісте, яғни сатуға шығарылғанға дейін, ал импорттаушылар үшінші елдер аумағында немесе Қазақстанның кеден қоймаларында таңбалауға тиіс.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1939957-qazaqstanda-1-qarasadan-bastap-ne-ozgeredi/