RU

"Еркексің бе деді": Алматыда көлік жүргізушісі мен полицейлер арасында дау туды (видео)

Полицей
Көрнекі фото: NUR.KZ

Алматыда полицейлер мен көлік жүргізушісінің арасындағы дау видеоға түсіп қалды. Азаматтың сөзінше, қызметтік көліктегі полиция қызметкерлері оның темір тұлпарын сырып кеткен, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Полицейлер менің көлігімді сырып кетті. Көліктер бір-біріне кішкене тиген екен. Біз шетке шығып, сөйлесуіміз керек болған. Олар маған "Еркексің бе? Жүр, басқа жаққа шығайық" деді. Содан соң басқа да азаматтарға тиісе бастады", - дейді азамат.

Осыдан кейін көлік жүргізушісі видеоға түсіре бастаған. Айтуынша, тәртіп сақшылары оны ешқандай негізсіз және ескертусіз алып кеткен.

"Телефонымды алып алды, күшпен өз көлігіне отырғызды. Олар менің екі телефоным бар екенін білмеді",- дейді ол.

Артынша қала тұрғыны полицейлер көлігіндегі кикілжіңнің видеосын жүктеді. Көп ұзамай Алматы полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Абдрахманов оқиғаға қатысты пікір білдіріп, факті ведомствоға 29 қазан күні тіркелгенін хабарлады.

"Оқиғаның мән-жайын анықтаумен ПД Өзіндік қауіпсіздік қызметі айналысып жатыр. Бейнежазбалар тексеру материалдарына қоса тіркеледі", - деді Абдрахманов.

Сонымен қатар, келесі күні, 30 қазанда тәртіптік комиссияның шешімімен учаскелік инспектор дөрекілігі мен ішкі істер органдарына кір келтіретін әрекеті үшін жұмыстан босатылды.

"Одан бөлек, аталған инспектордың басшыларының бірқатары тәртіптік жазаға тартылды",- деді полиция департаменті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1940001-erkeksin-be-dedi-almatyda-kolik-zurgizusisi-men-policeiler-arasynda-dau-tudy-video/