RU

Қызылорда облысында іскер әйелден ақша бопсалағандар қылмыс үстінде ұсталды (видео)

Ұстау сәті
Видеодан алынған кадр: polisia.kz

Қызылорда облысында ақша бопсалаумен айналысқандар тобы қылмыс үстінде ұсталды. Олар ойын-сауық мекемелерінің бірінің иесінен ақша сұрап, бопсалаған деп хабарлайды Polisia.kz.

2021 жылдың жаз айларынан бастап Қызылорда облысы Шиелі кентінде орналасқан ойын-сауық орнының меңгерушісінен ауданның бір топ жас жігіттері ақша сұрап, бопсалаған.

Аталған дерек бойынша қылмыстық кодекстің 194-бабының 2-бөлігінің 2-тармағымен (Қорқытып алу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілді. Тергеп-тексеру барысында бұл тұлғалардың жәбірленушіден бірнеше мәрте ақша алғаны белгілі болды.

Қызылорда облысы полиция департаментінің жедел-тергеу тобы жүргізген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде 29 қазан күні сағат 17:00 шамасында Шиелі кентінің 29 жастағы тұрғыны қолға түсіп, айғақ зат ретінде жәбірленушіден алынған ақша тәркіленді.

Сонымен қатар, аудан орталығынан күдікті ретінде Шиелі ауданының үш тұрғыны ұсталды. Төрт күдікті азамат Қызылорда қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды.

Қазіргі таңда қылмыстық іс шеңберінде басқа да тұлғалар мен мән-жайлар анықталып, тергеп-тексеру жұмыстары жалғасып жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1940132-qyzylorda-oblysynda-isker-aielden-aqsa-bopsalagandar-qylmys-ustinde-ustaldy-video/