Алматы облысында түнде ондаған наразы адам тас жолды жауып тастады (видео)
Жарияланған күні:
Алматы облысында саяжай тұрғындары көлік көп жүретін тас жолды жауып тастады. Бұған электр жарығына байланысты мәселе себеп болған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ауыл тұрғындары жауып тастаған жолдың видеосы әлеуметтік желіде жарияланды. Кадрда көлік жүргізушілерінің бірі саяжайларға баратын жолды наразы жергілікті тұрғындар жауып тастағанын айтады.
"Есік саяжайларда тыныштық жоқ. Бір топ тұрғын екі бау-бақша серіктестігінің өзара есеп айырысуына байланысты жолды жауып тастады. Жалпақ тілмен айтқанда, бірі екіншісінің электр жарығын өшіріп тастаған. Әрине, жарықсыз қалғандардың арасында қарызы жоқ тұрғындар да көп болды. Саяжайдағы тіршілік басқа. Енді құзырлы органдар қайда? Тәртіпсіздікті тудырғандар неліктен өздерін батыр сезінуі тиіс?", – деп жазды жазба авторы.
Бұл видеоға Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігі жауап берді. Ведомство Рахат ауылдық округіне қарасты Калинин атындағы бағбандық қоғамының тұрғындары жолды 1 қарашада жауып тастағаны, түйткілді мәселелері сол жерде шешілгенін атап өтті.
"Есік-Саймасай облыстық маңызы бар жолдың бойында саяжай учаскесінің 20-25 тұрғыны жиналды. Олар берешекке байланысты электр жарығының сөнуіне қатысты мәселені көтерді. Көпшілік жиналған жерде шынында кептеліс болды.
Мұнда ауылдық округ әкімі, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы және "АЖК" АҚ өкілі барып, халықты тыңдап, мән-жайды түсіндіріп берді", – дейді Еңбекшіқазақ облысы әкімінің баспасөз хатшысы Динара Түлемісова.
Сонымен қатар, әкімдік электр жарығы қосылғаннан кейін азаматтардың үйлеріне тарағанын айтты. Қоғамдық тәртіпті бұзу фактілеріне жол берілмеген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1940145-almaty-oblysynda-tunde-ondagan-narazy-adam-tas-zoldy-zauyp-tastady-video/