94 шөбересі бар маңғыстаулық әже туралы не білеміз
Жарияланған күні:
Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданында тұратын 93 жастағы әже 94 шөбере сүйіп отыр деп жазады Express Qazaqstan.
Балапан Байнешова отағасымен бірге 11 бала тәрбиелеген. Олардан 46 немересі, 94 шөбересі, 5 шөпшегі бар.
Үлкен әулеттің анасына айналған Балапан Байнешова 1928 жылы ақпан айында Маңғыстау ауданындағы Оңды аулында дүниеге келген. Әкесі ауылдағы бай адамның бірі ретінде қудалауға ұшырап, итжеккенге айдалған. Сол уақытта ол бас сауғалап Түрікменстанға ағылған көшпен бірге сол жаққа кеткен.
"Бұл 1933 жыл еді. Есімді енді білген кезде туған жерден жырақтап, Түрікменстанға бардық. Сол жақта тура жарты ғасыр өмір сүрдік. Соғыс аяқталған жылы отау құрдық. Ол уақытта он жеті жаста едім. 1946 жылы тұңғышымыз өмірге келді. Он бір бала сүйдім. Ауылдың жұмысына араластық. Сөйтіп жүріп бала өсірдік. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, бүгінде солардың қызығын көріп отырмын", — дейді Балапан әже.
Балапан Байнешова отбасымен бірге 1984 жылы туған жеріне оралған. Қосағымен отыз бес жыл бірге тату-тәтті ғұмыр кешкен әжей аналық парызымды орындадым деп санайды.
"Өз уақытымызда бәрін де істедік. Отын тасыдық, жүн де түттік. Жастығымыз екінші дүниежүзілік соғыспен қатар келіп, майданға керек дүниенің бәрін өзіміз жібердік. Бұл күніме мың да бір шүкір. Бала-шағамның ортасында бақытты өмір сүріп келемін. Құдай елімізді осы бейбіт күннен айырмасын. Жаман аурудан аман болыңдар. Менің жасымды берсін", — дейді Балапан Байнешова.
Балапан Байнешова қазіргі уақытта кенже ұлының қолында тұрады.
"Оның да жасы елуден асты. Немере сүйіп отырған ата болса да мен үшін ол бала. Уақытында жұмысты да істеп, баланы да бағып-қақтық. Олардың ана сүтін ақтап, өмірден өз орындарын тапқанына разымын", — дейді ғасыр жасаған әже.
Балапан Байнешова жасы жүзге жақындаса да әлі күнге дейін ұршық айналдырып, жіп иіреді. Ол денсаулығының тың болуы үнемі қозғалыста болудың арқасы дейді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1940146-94-soberesi-bar-mangystaulyq-aze-turaly-ne-bilemiz/