Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елорда мектебі балаларға екпе салды деп баса-көктеп кірген әйелдерді сотқа берді

Жарияланған күні:

Сот балғасы
Көрнекі фото: piqsels.com

Елорданың №58 мектеп басшылығы дәрігер Айна Бакеевамен соттаспақ. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Асыл Амангелдиева айтты, деп хабарлайды Қазақпарат.

Асыл Амангелдиева білім және ғылыми министрлігінде өткен аппарат кеңесі жиынында елорданың №58 мектептегі жағдай 5 қазан күні болғанын атап өтті.

Оның сөзінше, оқиға болған сәтте мектеп директоры қалалық әкімдікке жиналысқа кеткен.

"Осы уақытта мектепке 3 әйел келіп, шу шығарып, күзетшімен төбелескен. Басында олар мектеп директорымен кездесуге келгендерін айтқан. Келіспеушілік барысында олар мектеп күзетшісі мен медбикеге қол көтерген. Бүгінгі таңда мектеп басшылығы "балаларға вакцина салып жатыр" деген жалған ақпарат таратқаны және мектеп күзетшісі мен медибикеге қол көтергені үшін сотқа арызданды", - дейді Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы.

Аталған оқиғаға қатысты білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те пікір білдірді.

"Балалар қауіпсіздігі туралы сөз еткенде елорданың №58 мектебінде болған жайтты айтпай кетуге болмайды. Бұл мектептің ішкі ережесінің бұзылуы, бөгде кісінің сабақтың өтуіне кедергі жасап қауіп төндіруі. Аталған мектеп басшылығы тиісті шара қолданып, жедел әрекет етпеді. Жалпы айтқанда балалардың қауіпсіздігіне қауіп төндірді. Балалардың өмірі мен қауіпсіздігі үнемі маңызды", - дейді ол.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін әлеуметтік желіде елордадағы мектептердің бірінде әйелдердің шу шығарған видеосы тараған еді. Олардың арасында дәрігер Айна Бакеева да бар.

Кейін Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілік істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты Айна Бакееваны 10 тәулікке қамауға алу туралы үкім шығарды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1940178-elorda-mektebi-balalarga-vakcina-salyp-zatyr-dep-basa-koktep-kirgen-aielderdi-sotqa-bermek/