"40-қа келсем де анамның құшағын аңсаймын": Ата-әжесінің қолында өскендер жан сырын ақтарды
Жарияланған күні:
Қазақ қоғамында үйдің тұңғышын ата-әжесінің бауырына басу дәстүрі бұрыннан бар. Алғашқы немере ата-әженің баласы дегенді жақтайтындар оның бала тәрбиесіне берері мол дейді. Керісінше оны қолдамайтындар баланы ата-әжеге телу оның тұлға ретінде қалыптасуына кедергі келтіретінін айтады. KAZ.NUR.KZ тілшісі осы орайда шиеттейінен ата-әжесінің қолында өскен балалардың өз ойын білді.
Кейіпкерлердің барлығы көзі тірі ата-әжесі мен ата-аналарын ренжітіп алмау мақсатында аты-жөндерін жасырын ұстауды жөн көрді.
40 жастағы Анар бүгінде табысты заңгер. Ол өзін 3 айлығынан бастап бауырына басқан әжесі қайтыс болғанда дел-сал күй кешкенін айтады. Ал анасымен арадағы қарым-қатынас аса жақын емес. Қазір өзі тұрмыста, бір қызы бар.
"Анам мені 3 айлығымда әжеме берген. Қазір олардың не үшін былай істегені, мұнда кімнің кінәлі екені маңызды емес. Әжем мен 12-ге келгенде қайтыс болды, бұл мен үшін өте ауыр болды. Ал анаммен бөтен адамдар секілді араласамыз. Шынымды айтсам, тіпті 40-қа келсем де анамның құшағын аңсаймын. Оны сүйіп, еркелегім келеді. Бұл қандай қатыгез дәстүр деп те ойланамын. Қызымды біреуге беру менің ойыма кіріп-шықпайды. Жабайылық дер едім", - дейді Анар.
Алмат - қарапайым такси жүргізушісі, жасы 36-да. Әлі үйленбеген. 6 айлығында ата-анасы әжесінің тәрбиесіне берген. Ол сол үйде 9-сыныпқа дейін тұрған. Сол уақытта әжесі қайтыс болған.
"Мен әжем тірі тұрғанда өзімді бақытты сезіндім. Ол кісі қайтқан соң, жалғыз қалғандай болдым. Бірақ туған інілерім мен қарындастарым бар. Олармен жақын емеспін. Қабылдай алмайтын сияқтымын. Әжемді мама деп атайтынмын. Ал өз анамды әлі күнге атымен атаймын. Бірақ өкініш жоқ. Одан пайда жоқ", - дейді Алмат.
Ұлбосынның жасы 45-те, Алматыда кәсіппен айналысады, тұрмыс құрған. Үш баланың анасы. Ол анасына деген махаббатын қайтарғысы келеді, бірақ өз ойынша оған кеш. Ұлбосын ата-әже тәрбиесінің артықшылығын да атап өтті.
"Мені әжем тәрбиелеп, өсірді. Мен ол кісіні анам деп таныдым. Ал туған анамды атымен атаймын. Әжем мен 5 жаста болғанда өмірден озды. Сол кезде мен біраз уақытқа дейін стресстік жағдайда жүрдім. Әлі есімде. Ал анама сол күйі суықпын. Жасым 45-ке келді. Бірақ тірі жүрген анамды аңсаймын. Бірақ ата-әже қолында өскеннің жақсы жағы да бар. Ондай балалар өз алдына аяққа тұрып, ерте есейеді. Туған ата-анасы тәрбиелеген балаға қарағанда олардың ой-өрісі кең, қимылы ширақ болады", - дейді Ұлбосын.
Алматыда оқитын 4-курс студенті Әлима да анасының тәрбиесін көрмеген. Алайда оның айналасы оның анасына қатты ұқсайтынын айтады екен. Бірақ Әлиманың өзі анасына ұқсайтынын мойындағысы келмейді. Оған себеп те бар.
"Әжем маған "шешең сондай,шешең мұндай" деп жамандап отыратын. Ал анам үнемі жұмыста жүретін, үйде көп болмайтын. Сондықтан, ол кісіге ұқсамас үшін үйден көп шықпауым керек деген стереотиппен өмір сүрдім. Құрбы-достарым да аз, көпшіл емеспін", - дейді Әлима.
Кейіпкерлердің барлығы дерлік өз анасын ана ретінде қабылдаудың соншалықты ауыр екенін алға тартады. Олар туған отбасынан жырақта өскені үшін ата-анасын кінәлап, оларға ұзақ уақыт ренжулі болған кездерін еске түсірді. Портал тілшісі әңгімеге тартқан азаматтардың барлығы Кеңес дәуірінде туып-өскен ұрпақ екені түсінікті.
Ата-әже тәрбиесі туралы маманның да пікірін сұрадық. Психолог Ермек Нұрымов мұндай балалардың бойын өмір бойы қандай сезім билейтіні жөнінде айтып берді.
"Қазақтың салтында, тәрбиемізде бірінші немере ата-әженің баласы деп жатады. Көбінде байқаймын - ата-әженің баласы боп өскен адам туған бауырларынан бөлектеніп тұрады, олармен араласып кетуі өте қиын болады. Одан соң әрине әке-шешеіне ренжиді. Негізі әр бала өз әке-шешесінің қолында өсуі тиіс деп санаймын. Ата-әжеге беруді қою керек. Бұрынғының сарқыншағы. Бір-екі айға ата-әжесіне апаруға болады. Басыбайлы беру дұрыс емес. Екіншіден, ата-әженің қолында еркелеп өскендер тәрбиесі жақсы бола бермейді. Өйткені оларға ата-әжелері барлық нәрсеге рұқсат беріп қоятын жағдайлар кездеседі. Не кием, не ішем демеген соң, өз білгенін істеп кететіндер бар", - дейді маман.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1940474-40-qa-kelsem-de-anamnyn-qusagyn-ansaimyn-ata-azesinin-qolynda-oskender-zan-syryn-aqtardy/