Қазақшаға судай вайнер Алексей Лодочников Шымкент туралы әзілімен елді күлкіге қарық қылды
Жарияланған күні:
Белгілі вайнер, музыкант, балалар үйінің түлегі Алексей Лодочников Тik-Тok желісінде Шымкент туралы әзіл айтып, көпті күлдіртті, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Алексей Лодочников өзінің қазақша таза сөйлей алатынымен елді тәнті етіп жүр. Ол домбыраны да жақсы шертеді. Осы жолы вайнер Шымкентке ат басын бұрып, қала туралы өзінің ойын әзіл арқылы жеткізді.
"Маған қызық, Шымкентте жаңа жылды қалай қалай қарсы алады екен? Тойлайсыздар ма? Әлде 31-і күні естеріңізге түсе ме?", - дейді Алексей.
Алексей Шымкент десе бірден той туралы ойлайтынын жасырмады.
"Шымкент десе "Қазақтың тойы бітпесін" деген сөз ойыма оралады. Оны айтып жатқан себебім, мысалы бізде Павлодарда қалаға кірген бетте электролиз зауыты, аллюминий зауыты, Павлодар мұнай-химия зауытын көреміз. Ал Шымкентке кірген кезде "Рояль гранд холл", "Рояль Холидей гранд холл", "Салтанат Тауэр", "Голд Тауэр" салтанат сарайын көреміз", - дейді ол әзіл-шыны аралас.
Алексей шымкенттік асханада түскі ас ішкен адамдарды құдалыққа келген жандарға теңеді. Вайнер Павлодарда мұндай үлкен залды үшке бөліп, той жасайтынын айтады.
Ол шымкенттіктердің той тойлаудан қолы босамайды деп топшылады.
"Осында адамдар жұмыс істемейтін шығар, жоқ, қашан жұмыс істейді? Дүйсенбі - сырға салу, сейсенбі - сүндет той, сәрсенбі - құдалық, бейсенбі - үйлену тойы, жұма, сенбі, жексенбі - Шымкентте халықаралық тойлар күні. Ал ең қызығы, пандемия кезінде тойларды қалай жасырын өткізу керек екенін шебер көрсеттіңіздер", - дейді Алексей.
Вайнер қазақ тілін Шымкентте бір ай тұрып тез үйренуге болатынын атап өтті.
Ал шындығында, Алексей өзінің қазақ тілін жоғары деңгейде білуіне балалар үйінің септігі тигенін айтқан болатын.
"Бәлкім мен бірлі-жарым сөздерді жаттап алар едім, бірақ қазақша осылай еркін сөйлемес едім, домбыра тартуды білмес едім. Осындай тұлға болып шықпас едім. Бұл біз үшін жанын салған балалар үйінің қызметкерлерінің еңбегі", - деген еді ол БАҚ-қа берген бір сұхбатында.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1940610-qazaqsaga-sudai-vainer-aleksei-lodocnikov-symkent-turaly-azilimen-eldi-kulkige-qaryq-qyldy-video/