"Этносаралық жанжал болған жоқ": Президент Пенжімдегі оқиғаға қатысты пікір білдірді
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұз қаласына жұмыс сапары кезінде моноқалаларды дамыту жөніндегі республикалық кеңес өткізді. Оның барысында президент Алматы облысы Пенжім ауылында болған оқиғаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ақорда.
Мемлекет басшысының сөзінше, қоғамдағы бірлік пен татулықты сақтау және нығайту маңызды.
"Мектепте жай ғана төбелес болды. Бұған жол бермеу керек еді. Оқушылардың мектеп ішінде жүріп жарақат алуы – төтенше жағдай! Азаматтарымыздың наразылығық білдіргені орынды, оларды түсінуге болады. Одан кейін жастар арасында бұзақылыққа жол берілді.
Бірақ мұндай жағдайдың алдын алуға болар еді. Дегенмен, әрекет болмады. Ақпараттық кеңістікте осы оқиға этносаралық сипат алды. Бұл жерде ешқандай да этносаралық жанжал болған жоқ! Алайда елімізге қарсы араңдатушылар мен қаскөйлер аталған оқиғаны басқа сипатта көрсетті.
Өкініштісі, құқық қорғау органдарының да, президент әкімшілігінің де тарапынан мұндай араңдатушыларға қатысты еш әрекет жасалмады. Біз шара қолданбаймыз ба? Мұндай араңдатушылар еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіруде. Сондықтан осы оқиғадан дұрыс шешім шығаруымыз керек", – дейді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда түрлі этностар мен конфессиялар өкілдерінің тату көршілік және бейбіт қатар өмір сүру дәстүрін нығайту, жоғарыда аталған оқиғаларға мән беру алгоритмдерін әзірлеу қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ, еліміздің бірегейлігіне, оның ішінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы нұқсан келтіруге және ұлттық қауіпсіздікке зиянын тигізуге бағытталған кез келген әрекеттерге құқық қорғау органдары тарапынан шара қолданылатынын айтты.
Президент сөзін қорытындылай келе, мемлекеттік аппарат – мемлекетті басқарудың негізі екенін атап өтіп, олар жауапкершілік алып, ең күрделі жұмысты орындауы тиіс деді.
Еске сала кетсек, 27 қазан күні Алматы облысы Пенжім ауылында 9 және 10-сынып оқушыларының арасында жаппай төбелес болды.
Салдарынан 16 жастағы жеткіншек зардап шегіп, ауруханаға жеткізілді. Кейін бұл жайттан тағы бір ер адамның да зардап шеккені анықталды.
Кейінірек, облыстық денсаулық сақтау басқармасы науқастардың жағдайы жақсарып келе жатқанын хабарлады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1940638-etnosaralyq-zanzal-bolgan-zoq-prezident-penzimdegi-oqigaga-qatysty-pikir-bildirdi/