Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мәселелері талқыланды
Жарияланған күні:
4 қараша күні Семей қаласында «XX ғасырдың 20-30 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін: себептері және салдары» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Конференцияны Әлихан Бөкейхан университеті және «Салауат» Шығыс Қазақстан облыстық жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Ғылыми жиын «Тарих ақтаңдақтары: саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау» республикалық жобасы аясында өтті.
Бүгінде бұл жоба Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ үкіметтік емес ұйымдарға бөлген мемлекеттік гранты негізінде іске асырылуда.
Конференцияның мақсаты – XX ғасырдың саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысын қорытындылау және осы мәселеге қатысты тарихшы-ғалымдардың ғылыми ізденістері мен көзқарастары негізінде сұхбат алаңын құру.
Конференция жұмысына Республиканың әр өңіріндегі жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарында қызмет атқаратын тарихшы ғалымдар, оқытушылар мен ғылыми қызметкерлер, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толықтай ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссиясы жұмыс тобының мүшелері, зиялы қауым өкілдері, магистранттар мен докторанттар, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.
Конференция жұмысын бастаған белгілі тарихшы, алаштанушы ғалым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы Кеңес билігі кезінде орын алған саяси қуғын-сүргіннің құрбандарын толық ақтау жұмысы әлі де кешеулеп жатқанын атап өтті. Ғалым архивтерде жатқан құпия қорларды ашу және саяси қуғын-сүргін құжаттарын ғылыми айналымға енгізу мәселесі күн тәртібіндегі басты мәселе екенін тілге тиек етті. Кейбір түйткілді мәселелерді шешу үшін заңнамалық өзгерістер қажет екеніне назар аударды.
Жиында сөз алған ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов тарихшылар алдында тұрған келелі мәселелер, зерттеуді қажет ететін бағыттарға тоқталды.
Конференция барысында 20 ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ даласындағы тәркілеу, ашаршылық, босқыншылық, ұлт-азаттық көтерілістер, саяси қуғын-сүргін, оның құрбандары мен олардың ұрпақтарының тағдыры, құрбандарды ақтау мәселелері төңірегінде бірқатар ғылыми талқылаулар өткізді.
Жиын соңында қатысушылар конференцияның қарарын қабылдап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтауға қатысты мемлекет пен ғылыми қауым алдында тұрған көкейкесті мәселелерді түйіндеді. Оның ішінде:
1. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толықтай ақтау үдерісін жеделдету үшін арнайы архивтердегі құпия қорларды ашып, ғылыми айналымға енгізу;
2. Архив құжаттарындағы есімі беймәлім тұлғалар мен нақтыланбаған мәліметтерді анықтау мақсатында әр облыс аумағындағы аудандар мен елді мекендерге ғылыми экспедициялар ұйымдастыру;
3. Қуғын-сүргін және жазалау жылдарында ату жазасына кесілген адамдар мен адамдар тобының жерлеу орындарын анықтау;
4. Азалы тарихқа тағзым ету мақсатында ашаршылық, қуғын-сүргін, көтерілістер тақырыбында ескерткіш тұрғызу;
5. Мемлекеттік комиссияның республикалық және өңірлік жұмыс топтарын жұмылдыра отырып, қуғын-сүргін кезеңдері бойынша құжаттар жинағын, ғылыми монографиялар мен оқу құралдарын шығару;
6. Азалы кезең тарихындағы есімі мен еңбегі еленбей келген тұлғаларға қала, аудан, және елді мекендерде көше атауларын беру;
7. Тарихи туризмді дамыту, Алаш қайраткерлерінің, Алаш тілегінде болған ауқатты топтардың, белгілі тұлғалардың қора-қыстауларын жаңғыртып, мемлекет қорғауына алу және т.б.
Конференция барысында жасалған баяндамалар арнайы жинақ түрінде жарық көретін болады.
Жиын соңынан қатысушылар Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайына сапар шекті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1940829-sayasi-qugyn-surgin-qurbandaryn-tolyq-aqtau-maseleleri-talqylandy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.