Шексіз мүмкіндіктер: мүгедектігі бар қазақстандықтар карантин кезінде жұмысқа тұрып жатыр
Жарияланған күні:
Мүгедектігі бар адамдар шектеулерге қарамастан, тіпті қиын-қыстау пандемия мен локдаун кезінде де жұмысқа тұрып жатыр, олар «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының қатысушылары атанды.
Мәселен, бірінші топтағы мүгедектігі бар адам әлеуметтік қызметкер атанып, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесіп жүрсе, үшінші топтағы мүгедектігі бар, колледжді жаңа бітірген қыз арманына жетіп, кәсіби шаштараз атанды.
Телефон тұтқасындағы қоңыр дауыс
Ержан Дуйсембиев бала кезінен көру қабілетінен айырылғандықтан, дәрігерлер оған бірінші топ мүгедектігін берген. Алайда медициналық шектеулерге қарамастан, ол білім алып, күш-қайраты мен табандылығының арқасында өнерін шыңдаған. Жас кезінде домбыра тартуды үйреніп, ән салып, өнер көрсетіп, халықаралық сайыстардың жеңімпазы атанған. Кейін уқалау тәсілдерін үйреніп, бұл іспен кәсіби тұрғыда айналыса бастаған. Дегенмен пандемияның кесірінен өнер көрсетуден де, уқалаушы жұмысынан да бастартуға тура келіпті.
Көптеген қазақстандықтар сияқты Ержан Дуйсембиев те жұмыс іздеп, жұмыспен қамту органдарына жүгінген. 2021 жылдың басында ол «Еңбек» бағдарламасының аясында әлеуметтік жұмыс орнына жұмысқа тұрды. Бүгінде ол – RELIANCE әлеуметтік қорында әлеуметтік қызметкер. Қор қайырымдылық акцияларын, волонтерлік жобалар өткізумен айналысады, мұның барлығына жіті ойластырылған координация қажет. Ержан Дуйсембиев күн сайын қор қатысушыларымен, қормен бірлесе жұмыс істейтін ұйым өкілдерімен және көмек сұрап келген адамдармен арадағы үздіксіз байланысты қамтамасыз етуге көмектеседі.
"Диспетчер болып жұмыс істеймін десем де болады, телефон қоңырауларына жауап беремін. Карантиндік шектеулер алынғанда, уқалау кабинетін ашсам деймін. Оған қажет дағды да, дайындық та бар, адамдарға денсаулығын жақсартуға көмектесе аламын, уқалау кабинетін ашатын орын табу ғана қалып тұр", – деп Ержан Дуйсембиев болашақ жоспарларының шетін шығарды.
Қазірше карантиндік шектеулер алынбай тұрғандықтан, көптеген отандасымызға еріктілердің көмегі мен қолдауы қажет болған соң, Ержан әлеуметтік жұмысын жалғастырып істеп жүр. RELIANCE қоғамдық қорына қоңырау шалған әр адам еститін жып-жылы дауыс (қоңыр дауыс) Ержанның даусы. Сол дауыс хабарласушыларға бағыт-бағдар береді, көмекті қалай алуға болатынын түсінуге немесе ерікті атануға көмектеседі.
Шаш үлгілерінің суретшісі
Алматы облысының тұрғыны Наркыз Аязбек қуыршақ ойнай жүргенде-ақ сәнді шаш үлгілерін жасауға құмартыпты. Бойжеткенде оның қандай мамандықты таңдайтыны айдан анық еді, осылайша ол Алматы мемлекеттік сервис және технологиялар колледжін бітіріп, шаштараз мамандығын алып шықты. Дегенмен үшінші топтағы мүгедектігі бар қызға жұмыс табу оңай бола қойған жоқ, оған карантиндік шектеулерді қосыңыз. Бұл мәселені «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы «Жастар практикасы» шешіп берді.
"Бұл жоба туралы маған тәлімгерім айтты. Ол 6 айлық практика кезінде еңбекақы төленетінін, зейнетақы аударымдары жүретінін, практика аяқталған соң тұрақты жұмысым болатынын түсіндіріп берді. Осылайша маусым айында салонға жастар практикасына келдім, қазір осы жерде тағылымдамадан өтіп жүрмін. Мұнда қызық көп, шаш бояудың түрлі техникаларын, шаш кесудің заманауи әдістері мен формаларын үйреніп жүрміз. Тәжірбиелі шаштараздар кәсіби құпияларын айтады", – дейді Наркыз.
Жастар практикасы аяқталған соң, Наркыз туған ауылы Ащыбұлақтағы сән салонындағы жұмысына кіріседі, ондағылар «шаш үлгілерінің суретшісін» асыға күтіп жүр.
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, 2021 жылдың 9 айында «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жобаларына 15 217 мүгедектігі бар тұлға қатысқан. 13 071 адам жұмысқа орналастырылған, соның ішінде 3 929 адамда 1 және 2 топ мүгедектігі бар.
Қысқа мерзімді курстарда 323 қатысушы жаңа дағдылар үйренсе, «Бастау бизнес» жобасының аясында 1552 адам кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерген, олардың 353-і жеке бизнес-жобасын қорғаса, 100 қатысушы жеке бизнесін ашу үшін мемлекеттен қайтарымсыз гранттар алды. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының басқа да бағыттары аясында тағы 836 адам грант иегері атанды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1940967-seksiz-mumkindikter-mugedektigi-bar-qazaqstandyqtar-karantin-kezinde-zumysqa-turyp-zatyr/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.