Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елорда автобустарында ән айтып, нәпақа тауып жүрген 7 баланың әкесі туралы не білеміз

Опубликовано:

Кадр
Видеодан кадр: Әлеуметтік желі

Нұр-Сұлтан қаласының 61 жастағы тұрғыны Маханбетәлі Тұрымбетов автобустарда ән айтып табыс тауып жүр. Оның жолсерік болып жұмыс істейтін әйелі, жеті баласы бар деп хабарлайды Express Qazaqstan.

Маханбетәлі Тұрымбетов Түркістан облысы Арыс қаласының тумасы екенін жеткізді.

Оны бала күнінен әкесі ән айтуға баулыған. Бірақ мамандығының өнерге еш қатысы жоқ. Авиация саласының инженер-механигі.

1990-жылдары жұмыссыз қалған. Содан кафелерде ән айтып, нәпақа тауып жүріпті.

Маханбетәлінің сөзінше, Нұр-Сұлтан қаласына жақсы жұмысқа тұрғызып беремін деген танысының уәдесімен келіпті. Бірақ астананың вокзалына жеткен соң, ол кісі телефонды көтермей қойған. Басқа нөмірмен хабарласса, іс-сапарда екенін айтып ақталыпты. Арада біраз уақыт өткен соң: "Қиын кезде келдің. Дағдарысқа тап келдің", - деп аузын құрғақ шөппен сүртіпті.

Өнерлі азамат сол уақытта қолына гитарасын алып, жұмыс іздеп, бармаған жері, баспаған табалдырығы қалмағанын жасырған жоқ.

Жұмыссыз қиналып жүрген адамға бір автобус жүргізушісінің назары ауады. Автобус ішінде ән айтып беруді сұрапты. Көпшілік те қолқалап қоймаған соң, амалсыз келіскен. Жолаушылар қолпаштап, әрқайсысы шамасы келгенше ақша ұсыныпты.

Ақырында автобус жүргізушілері мен кондукторлардың жерлесім деп аяғаны ма, өнеріне қызыққаны ма, автобус ішінде ән айтуға өздері шақыратын болған. Сөйтіп, ол осы уақытқа дейін автобуста ән салуды осы уақытқа дейін кәсіп етіп келеді. Жеті баланың әкесінің осылайша отбасынан жырақта нәпақа табуына тура келіп жүр.

Маханбетәлі Тұрымбетов өмірінде ешкімнен тікелей ақша сұрап көрмедім, дейді. Тек телефон нөмірін жазып көрсетіп қояды. Өнеріне разылық білдіргендер болса, қолынан қақпайды.

"Мен өздігімнен айқайлап ән айтпаймын. Автобусқа кірген соң: "Ән - көңілдің ажары. Жүздеріңіз жарқырап отырамыз десеңіздер, ән тыңдаңыздар. Қарсы болсаңыздар бірден айтыңыздар. Әнге қарсылық бар ма?" - деп қайталап сұраймын. Сосын орыс тілінде рұқсат сұраймын", - дейді ол.
Кадр
Видеодан кадр: Әлеуметті желі

Өнерлі азаматты елордалық тұрғындардың басым бөлігі жақсы танып қалған.

"Әнді жақсы айтады. Жұмыстан шаршап келе жатқан адамдардың көңіл-күйін көтеріп, иіріп әкетті. Ұйып тыңдадым. Қазақша да, орысша да әндерді бірінен кейін бірі айтып шықты. Өз басым разы болып, нөміріне ақша аудардым", - дейді елордалық Ажар атты келіншек.

Маханбетәлі Тұрымбетовтың өзі де жолаушылардың дені қолдайтынын мойындап отыр.

"Рас, ұрыс шығаратындар да бар. Кейбір адамдардың үй жағдайына қарай көңіл күйі болмайды. Қоғамда көлікте ән айтуға болмайды, заң бар дейтіндер де кездеседі. Мұның бәрі өтірік. Қоғамдық көлікте өзін-өзі ұстау ережелері бар. Соның ішінде ән айтуға болмайды деген ереже жоқ", - дейді өнерлі азамат.

Елорда тұрғыны бұл кәсібі арқылы неше табыс табатынын да жеткізді.

"Мүлдем құр қол қайтатын кезім де бар. Кейде бір адамның өзі 23 мың теңге аударған кездері бар. Кейбіреулер мені қайыршы деп ойлайды. Мен ешкімнен ешқашан тіленген емеспін, - дейді ол.

Маханбетәлі балаларының барлығы есейіп кеткенін, қазір олармен телефонмен, ватсап арқылы хабарласып тұратынын, кейде барып қайтатынын атап өтті.

Автор: Шадияр Өстемірұлы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1941076-elordada-avtobustarda-an-aityp-napaqa-tauyp-zurgen-7-balanyn-akesi-turaly-ne-bilemiz/

pixel