RU

Тұрғымбаев Қазақстандағы есірткі қылмысымен күрес туралы: Бізде есірткі бароны жоқ

Ерлан Тұрғымбаев
Ерлан Тұрғымбаев. Фото: Ішкі істер министрлігі

Бүгін мәжілісте ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев есірткі қылмысымен күрес және нашақорлықтың алдын алу бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Депутат Шәміл Осин Ерлан Тұрғымбаевтан есірткі қылмысымен күрес және нашақорлықтың алдын алу бойынша қандай шаралар жүргізіліп жатқанын сұрады.

"Есірткіні ұйымдастырушылардан, қолдау көрсететіндерден, өндірушілер мен таратушылардан бастап, ұйымдасқан қылмысты анықтау және жолын кесу фактілері неге жоқ?", – деп сұрақ қойды мәжілісмен.

Бұған жауап ретінде Ерлан Тұрғымбаев ішкі істер министрлігі қазіргі уақытқа дейін 13 тонна есірткі тәркіленгенін айтты.

"Бұл мәселеде өсімге емес, қылмыстың ашылуына аса мән берген дұрыс. Синтетика түрлері жыл сайын өзгереді. Біз жыл сайын тізімге өзгерістер енгізу оның ішінде жаңа синтетикалық препараттар жөнінде үкіметтің қаулысына түзетулер енгізу туралы ұсыныстар жасаймыз.

Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп зертханалық зерттеулер жүргізіліп жатыр. Бұл жаңа синтетикалық түрлер қылмыстық жауапкершілік қарастырылған тыйым салынған заттар тізіміне енгізіледі. Қазір бізде, есірткі бароны да, таратушылар мен сатып алушылар да жоқ, барлығы Telegram чаттар арқылы интернет-ортада хабар алмасып, әрекет етеді. Әдетте Telegram чаттар Қазақстаннан тыс жерде орналасады", – дейді министр.

Бұл ретте Тұрғымбаев еліміздің ішкі істер министрлігі көршілес елдердің полицейлерімен бірлесе жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

"Бізде ішкі істер министрлерінің кеңесі бар, бұл мәселе талқыланды. Есірткі тасымалдаушылар туралы ақпарат алмасудың бірыңғай алгоритмі туралы шешім қабылданды. Өйткені, қазір қолма-қол ақша да жоқ, қазір бәрі биткоин, электронды ақша түрінде, ал есірткі сатушылар басқа мемлекеттің аумағында жұмыс істеп жатыр. Елде есірткі жасырып, қойып кететіндер бар, бірақ сатушылар елден тыс жерде", – дейді ІІМ басшысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1941099-turgymbaev-qazaqstandagy-esirtki-qylmysymen-kures-turaly-bizde-esirtki-barony-zoq/