Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Көзі көрмейтін жандар үшін әлемде баламасы жоқ құрылғы ойлап тапқан қазақстандық ғалым жайлы не білеміз

Опубликовано:

Ғалым
Ға­лым­жан Әбдірешов. Фото: Ға­лым­жан Әбдірешовтің жеке мұрағаты

Көзі көрмейтін жандарға дүниені өзгелер сияқты сезінуге септігін тигізетін баламасы жоқ құрылғы ойлап тапқан Ғалымжан Әбдірешов - Біріккен Ұлттар ұйымының жүлдесін иеленген тұңғыш қазақстандық. Оның аппараты әлем ғалымдарының назарын аударған, деп хабарлайды Түркістан басылымы.

Ғалымжан сұхбат басында зағип жандарға арналған бірегей құ­рыл­ғыны ойлап табу идеясы қайдан келгенін айтып берді.

"Бірде моншада қызған тастың үстіне су шашып жібергенім сол-ақ еді, ыстық бу бетіме ұрып, көзімнің ішкі тор қабығы қабаттала түсіп, көз алдым тұманданып кетті. Дәрігерлер қабықты жап­сырып берсе де, ол орнынан жылжып кетсе зағип болып қалу қаупі бар екенін айтты. Сөйтіп, алдағы уақытта көзім көрмей қалған жағдайда ортаға қалай бейімделіп, әрекеттесе алатынымды зерттей бастадым. Біз білмейтін қандай жаңашыл құрылғылар бар екенін іздеп көрдім.

Негізі, зағип жандардың тұрмы­сын жеңілдететін көптеген өнертабыс бар, бірақ көз жанарын толығымен алмастыра алатындай мардымды ештеңе жоқ екеніне кө­зім жетті.

Есесіне, адамның жануар секілді ды­быстық биолокация арқылы көре алаты­ны туралы жазылған көптеген мақала тап­тым. Жалпы, жануарлардың көбінде көз алма­сы жоқ, олар жарық толқынының көз қыр­тысына түсу есебінен жарықты, қашық­тықты сезіне алады. Ал түнде жүретін жануар­­лар жарықты көре алмаса да, қашық­тықты анықтай алады, себебі олардың мұрын-жұтқыншақ қуысында дыбыс толқы­нына реакция беретін мүше бар.

Невроло­гия­дағы көп зерттеуді ақтара келе, адамның да осындай жолмен көріп, сезе алатынын біл­дім. Сөйтіп, ғалымдар "Көз жанарынан айы­рылған адамдарға осы ерекшелік арқылы неге эксперимент жасап көрмеді екен?" деген сұрақ туындады. Сөйтсем, көбі бұл істі қолға алған екен, бірақ теория жазудан ары аспа­ған. Дыбыс толқынының зағип жандарға көмегі көп тиетінін дәлелдеуге тырыспаған. Ал менде бұл жаңалықтың "түбін" қопара зерт­теуден басқа амал қалмады, өйткені бұл жаңалықты біліп алған мен ертең көзім нашар көретін болса, мүмкіндігім шектеулі болатынын, шама-шарқымның жетпейтінін жақсы түсіндім.

Содан жатпай-тұрмай дыбыс толқынын жіті зерттедім, сондай-ақ интернеттен невробиология бойынша түрлі лекция тыңдадым. Осылайша, бар білген-көргенімді бір аппаратқа "тоғыстырып", оны зағип жандардың көмегімен тексерістен өткізіп, бірінші прототип құрастырып шығардым. Бірақ бірінші аппарат қарапайым формада құрастырылған. Бұл аппаратты SEZUAL деп атадым, яғни "сезіп ал". Мұның мүмкіндігін арттыру, жетілдіру әрі бұл жаңалықты тереңінен зерттеу үшін біраз қаражат керек болды", - дейді өнертапқыш.

ғалым
Фото: Ға­лым­жан Әбдірешовтің жеке мұрағаты

Ға­лым­жан Әбдірешов бастапқыда бұл аппарат­тың көзі мүлде көрмейтін жанның өз бе­тін­ше қозғалуына көмектесетініне күмән келтіргендердің көп болғанын жеткізді.

Айтуынша, жаңа жобасына қаражат іздеп жүргенде танысы Дүниежүзілік банк ұйымдастыратын грантқа құжат тапсырып көруге кеңес берген.

"Бірнеше айдан соң Барак Обама­ның кеңесшісі болған Томас Селуччи секілді мүйізі қарағайдай ғалымдардың қатысуымен өтетін комиссия отырысына шақырылдым. Бұл шешу­ші кездесуге зағиптар қауымдас­ты­ғының төрағасын ерте бардым. Жобаны таныстыра­тын кезегім келген кезде комиссия төрағасы аузымды ашпай жатып маған "Тыңдаңыз, сіздің көзі көрмейтін жандарға бірдеңе ой­лап тапқаныңызды білеміз, бірақ банк бере­тін ақшаны қасыңызға ертіп келген зағип кісімен теңдей бөлісіп алмауыңызға кім ке­піл?" деп сұрақты төтесінен қойды.

Ол кісіні иландыру үшін менімен бірге эксперимент жүргізуін өтіндім. Ол кісіні орындыққа отыр­ғызып, көзін байлап, алдына аппаратты қойдым да, қарсы алдына барып сол жерден тапқан тәрелке, кітап және қойын дәптерді алып "Алдыңызда қандай зат ұстап тұрмын?" деп сұраған едім, ол мүдірместен барлығын атап шықты. Мұның барлығын бақылап отыр­ған комиссияның өзге мүшелері де таңғалысын жасырмады.

Одан бөлек, бұл жобаны еріккеннен жасап жүрмегенімді көрсету үшін дәрігерлердің қорытындысы жазылған анықтаманы көрсеттім. Тағы бір айта кетерлігі, комиссия төрағасы бұл жобаны қаржыландыру үшін неге аз сома сұрағаныма таңғалды. Кейін білгендей, америкалық ғалымдар дәл мен зерттеп жүрген жұмысқа 15 жыл ішінде 110 миллиард АҚШ долларын жұмсапты. Сөйтіп, комиссия мү­шелері сәттілік тілеп, бірауыздан грант беру­ді ұйғарды.

Дәл сол күні кешке ақша түсіп, ертесі ыңғайлы кеңсені жалға алып, құрал-жабдықтар сатып алдым. Сондай-ақ, бес тәуелсіз инженердің басын қосып, команда жасақтадым. Үш-төрт ай тынбай жұмыс істеп, аппаратты толығымен құрастырып шығарған соң, жанары су қараңғы адамдарды тексерістен өткізу қажет болды.

Зағиптар қауымдастығынан төрт адамды ертіп келіп, жаттығу жұмысын өткіздім. Олар арнайы әзірлеген алгоритмді тез меңгеріп алғаны соншалық, бір сағаттан соң не оқытатынымды білмей, дал болдым.

Сосын олар бірінші күні баспалдақ, парталарды көре алса, екінші күні дәлізден өз бетімен өтіп жүрді, ал үшін­ші күні ешкімнің көмегінсіз шай құйып жүр­ді. Алтыншы күн тіпті керемет өтті. Экспери­ментке қатысқан Жазираның көз алма­сы жоқ, ол көз протезін киіп жүреді. Жа­зира саябақта арнайы салынған қисық жол­дарды мүдірмей жүріп өтті. Ал Біржан есім­ді жігіт ағаштардың қаншалықты биік екенін, олардың қай түрі екенін айта бас­тады. Содан олар көрсеткен нәтижеге ерек­ше қуанып, мұны видеоға түсіріп алып, білім және ғылым министрлігінің, сондай-ақ Дүние­жүзілік банк өкілдеріне көрсеттім. Олар да бұл жайтқа қуанғанын жеткізді.

Десе де, арамызда мұны фокус деп санап, бұл идеяға сенбегендер көп болды. Оларды сендіре түсетін ерекше тәжірибе жасау үшін Жазираны велосипедке мінгіздік. Жазираға үш-төрт күн велосипед тебуді үйреткен соң, ол оны өз бетінше айдап, бірнеше күннен соң арнайы қойылған кедергілерден мүдірмей өтті. Мұны видеоға түсіріп, дәлел ретінде көп­шілікке көрсеттік. Бірақ ары қарай жағ­дай ушыға түсті", - дейді Ғалымжан.

Себебі грант берген шетелдік комиссия төра­ғасы Нұр-Сұлтанға қайта келіп, өздрінің алданып қалғанын айтып, шу шығарған.

Тіпті, келісімшарттың бұзылатынын, грантты қайтарып алу үшін қыл­мыстық істің қозғалатыны жайлы да сөз болған.

"Қанша көндіруге тырыссам да, алған бетінен қайтпай қойды. Ашуы тарқаған соң осы жерде аппаратты сынап көруімді сұрады. Мен оларға бағанадан бері қызмет көрсетіп жүрген Жазираны көрсеттім. Олар болса Жазираның зағип жан екеніне сенбей, оған шүйлікті. Сол мезетте Жазира олар отырған үстелдің қарсы алдына келіп, көзіндегі протезін шешіп, іші бос көз ұясын көрсетті. Комиссиядағылар аң-таң болды. Арасынан тек біреуі эмоциясын жиып, қасыма келіп, қолымды қысты. Ал көпшілігі не айтарын білмей, біраз уақыт үн-түнсіз отырып қалды. Сосын әлгі төраға "Қазақстанда не істеп жүрсің? Мұндай жобаның әлем үшін маңызы қандай екенін білесің бе?" деп арқамнан қағып, кешірім сұрады.

Бірақ шетелдіктер тарапынан осын­дай үлкен қолдауға ие болсам да, ортамда мұн­дай бірегей жоба ойлап тапқанымды кө­ре алмай, аяқтан шалғысы келіп, тосқауыл қой­ғандар да табылды.

Ережеге сәйкес, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі біздің жобаны мемлекеттік тестілеуден өкізуі тиіс болатын. Олар мені арнайы полигонға шақырып, 40 дефектолог пен егде тартқан және денсаулығы нашарлап кеткен зағип жандарды ертіп әкелді. Олар полигонды аттап кіргеннен бастап бұл аппаратқа сенбейтінін айтты. Адам ештеңеге зауқы соқпаса, ештеңе үйренгісі келмейді ғой. Көзі көрмейтін басқа кісілер оларды көндіруге тырысса да бой берер емес. Бірақ екі-үш күн бойы жұмыс істеген соң, олар полигонда орнатылған кабинеттердің есігін тауып, көрші кабинетке кіріп, ондағы заттарды оңай таба алды", - деді өнертапқыш.

Осы орайда Ғалымжан Біріккен Ұлттар ұйымының жүлдесіне қалай ілінгенін сөз етті.

"Патенттеу кезінде Дүниежүзілік банк өкіл­дері өздері үшін жеке сараптамадан өт­кізу мақсатында Халықаралық патент то­бы­на арнайы тапсырыс берген. Олар көптеген елдегі патент тобымен байланыс орнатып, онда тексеріс жүргізетін ғалымдардан менің жобама сараптамалық қорытынды жасауын сұраған. Бір қызығы, барлығы оң көзқарас танытса да, ресейлік ғалымдар мұны ғылыми жаңалық ретінде мойындағысы келмей, ақы­рында халықаралық ғылыми қауымдастық қы­сым көрсеткен соң қорытынды жазып бер­ген екен.

Бұл қорытындыға сәйкес, Халықаралық интеллектуал қоры көз жанарын толығымен алмастыратын аппарат деп жариялады. Ал мұны байқаған Еуропалық ғалымдар кеңесіндегілер өздері сараптамалық қорытынды жасап, нәтижесінде аппаратты ғылыми сыйымдылығы жоғары өнертабыстар тізіміне қосқан.

Ал Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдері Халықаралық интеллектуал қоры мен Еуропалық ғалымдар кеңесінің SEZUAL-ға жасаған сараптамасын көріп, жаңашыл өнертабыстарды қарастыратын арнайы комиссияда сөз еткен. Сөйтіп, олар бұл аппараттың Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасына сай келетінін, әлемді өзгерте алатын өнертабыс екенін мойындап, БҰҰ жүлдесіне ұсынған. Содан, жалпы саны 200 университеттен ғылыми топ қатысқан жүлдеде сегізінші орынға табан тіредім.

Бір қызығы, мұндай жүлденің бар екенін әрі бұл жүлдеге ілінгенімді кеш білдім. Еуразия аймағына жауапты БҰҰ офицері хабарласып құттықтаған кезде, ел тарихында тұңғыш рет алған бұл жүлде жөнінде Қазақстан тарапы неліктен үнсіз жатқанын айтып, аң-таң болды", - дейді ғалым.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1941224-qazaqstan-tarixynda-tungys-ret-buu-zuldesin-zenip-algan-onertapqys-turaly-ne-bilemiz/

pixel