RU

"Қабырғаны бұзып кірген": Алматы облысының полициясы ломбард тонады деген күдіктіні қуып жүріп ұстады (видео)

Видеодағы кадр
Видеодан алынған кадр: instagram.com/police_almobl

Алматы облысының тәртіп сақшылары ломбардтан жалпы құны 40 миллион теңгеден асатын зергерлік бұйымдарды ұрлады деген күдіктіні ұстады. Облыстық полиция департаменті Instagram-дағы ресми парақшасында оны ұстау сәтінің видео жариялады.

Ведомстовның мәліметінше, 11 қыркүйекте Қарасай аудандық полицияның кезекші бөліміне Қаскелең қаласының тұрғыны ломбардтан жалпы құны 40 миллион теңгеден асатын бағалы заттардың ұрланғанын айтып, хабарласқан.

Белгілі болғандай, күдікті қабырғаны бұзып, құнды заттарды қолды еткен.

Тұрғынның шағымынан кейін жедел-іздестіру іс-шаралары ұйымдастырылып, нәтижесінде күдікті ұсталған.

"Алматы облысы полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері күдікті анықтады. Ол бұрын қарақшылық, тонау және ұрлық үшін бірнеше рет сотталған Екібастұз қаласының 36 жастағы тумасы. 2021 жылғы 6 қарашада арнайы бөлім қызметкерлерінің қатысуымен Алматы қаласында жүргізілген арнайы операция барысында күдікті ұсталды", – дейді құзырлы орган.

Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Ол ұрланған заттарды алыпсатарларға тапсырып үлгерген. Полиция өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейтінін атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1941248-qabyrgany-buzyp-kirgen-almaty-oblysynyn-policiyasy-lombard-tonady-degen-kudiktini-quyp-zurip-ustady-video/