RU

Алматыда Назарбаев мектебінде жұмыс істеген екі мұғалім тәулік ішінде бірінен кейін бірі көз жұмды

мұғалімдер
Фото: Facebook/Darkhan Ardaquly

Алматыда Назарбаев мектебінде жұмыс істеген екі мұғалім бір тәуліктің ішінде бірінен кейін бірі мезгілсіз көз жұмды деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

7 қараша күні Алматы қаласы физика-математика бағытындағы мектептің математигі Бақытхан Құрман қайтыс болды. Ал санаулы сағаттан соң осы мектепте бұрын жұмыс істеген, кейін қаладағы элиталық мектептердің бірінде география пәні мұғалімі болған Мәулен Телеубаев көз жұмды.

Айта кетейік, екі мұғалім өлімінің бір-бірімен байланысы жоқ.

Жаманат хабарды марқұмдардың әріптесі, желіде белсенді математик Дархан Ардақұлы Facebook парақшасында жеткізді.

"Бүгін Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің бірегей математигі, әріптесіміз Бақытхан Құрман мезгілсіз қаза болды. Біз үшін орны толмас қайғы. Иманды болсын, жаны жаннатта болсын. Ағайын туыстарына қайғыра көңіл айтамыз", - деп жазды Дархан Ардақұлы желіде.

Екінші қаза туралы 8 қарашада белгілі болды.

"Қаралы күннен көз ашпай кеттік қой, ағайын-ау! Бүгін тағы бір әріптесіміз әрі бауырымыз бұрын Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде жұмыс жасаған, кейіннен Shoqan School мектебінде жұмыс жасап келген география мұғалімі Маулен Телеубаев қайтыс болды. Біз үшін орны толмас қайғы. Жаны жаннатта болсын, иманды болсын", - делінген жазбада.

Дархан Ардақұлының сөзінше, екі мұғалім де жүрек жеткіліксіздігінен көз жұмған.

Әріптестері марқұмдардың өз ісінің нағыз шебері болғанын, ұжымда беделді азаматтар болғанын атап өтуде.

Еске сала кетейік, 5 қарашада Назарбаев зияткерлік мектебін тәмамдап, Гарвард университетіне оқуға түскен Ақназар Қажымұраттың жұмбақ жағдайда ажал құшқаны белгілі болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1941261-almatyda-nazarbaev-mektebinde-zumys-istegen-eki-mugalim-taulik-isinde-birinen-keiin-biri-koz-zumdy/