СҚО-да жаңа босанған әйел коронавирустан қайтыс болды
Жарияланған күні:
Солтүстік Қазақстан облысында жаңа босанған әйел коронавирустан қайтыс болды. Дәрігерлер қолдан келгенше тырысқанымен, жас ананың өміріне араша түсе алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, соңғы 3 күнде өңірде коронавирус жұқтырудың 438 жаңа жағдайы тіркелді. Ауырғандардың ең көбі Петропавлда тіркелді.
Бүгінде жұқпалы аурулар ауруханасында 636 адам ем алса, оның 382-сі тұрақты түрде оттегі аппаратында жатыр. Жансақтау бөлімінде ем қабылдаған 51 науқастың 16-сының жағдайы өте ауыр. Соңғы тәулікте коронавирустан 3 адам қайтыс болды. Ал пандемия басталғалы 317 науқас көз жұмды.
"Қайтыс болған жүкті келіншекті коронавирус жұқтырғандықтан 31 - аптада босандырып алуға тура келді. Ауру асқынып, өкпесі қабынды.
Қазір уәкілетті органдар сараптама жүргізеді. Көпбейінді аурухананың жансақтау бөлімі жағдайында толық көлемде жүргізілген емдеу-диагностикалық шаралар кешеніне қарамастан, босанғаннан кейінгі кезеңде жүкті әйелдің өмірін өкпенің жаппай зақымдануына байланысты құтқару мүмкін болмады. Әйел жүктілігіне байланысты вакцина алмаған", - дейді басқарманың баспасөз хатшысы Гүлнар Қалиева.
Маманның айтуынша, жалпы жыл басынан бері 646 жүкті әйел COVID-19 жұқтырған, оның 203-інде ауру асқынып, пневмонияға ұласқан. 58 жүкті әйелді өкпені жасанды желдету аппаратына қосуға тура келген. Ал 38 әйелді өмірлік көрсеткіштері бойынша кесарь тілігі әдісімен мерзімінен бұрын босандырған. Күні жетпей туғандықтан 3 шақалақ қайтыс болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1941356-sqo-da-zana-bosangan-aiel-koronavirustan-qaitys-boldy/