RU

Баланың коронавируспен немесе тұмаумен ауырғанын қалай ажыратуға болады

тұмау11
Көрнекі фото: pixabay.com

Баланың коронавируспен немесе тұмаумен ауырғанын қалай ажыратуға болады? Бұл сауалға Алматы қаласындағы жекеменшік емхананың бас дәрігері, педиатр Ботагөз Жампозова жауап берді, деп хабарлайды Алматы арнасы.

Маманның сөзінше, тұмаумен ауырған кезде балада дене қызуы 39 градусқа дейін барады, ал коронавируспен ауырса, 37 градустан аспайды.

"Жедел респираторлық инфекция болса, балада дене қызуы 38-ден 39 градусқа дейін барады. Дене қызуы 3 күн бойы көтеріледі де, төртінші күні басылып қалады. Ал егер бала коронавируспен ауырса, дене қызуы 37 градустан жоғары көтерілмейді. Әлсіздік пайда болады да, температура 7 күнге дейін сақталуы мүмкін.

Дене қызуын түсіретін кәдімгі препараттарға түсе бермейді. Құсып, іші өтіп, ішінің ауыруы секілді сезімдер пайда болады, буындары ауырса да мән беру керек. ЖРВИ кезінде іш өтіп, құсып немесе буындар ауырмайды", – дейді Ботагөз Жампозова.

Айта кетейік, елімізде қыркүйек айынан бері 15 мыңнан аса оқушыдан коронавирус инфекциясы анықталған. Алайда соңғы екі аптада COVID-19 инфекция жұқтырғандар саны 1,3 есеге төмендеген.

Ақ халаттылар коронавирустың бәсеңдегеніне қарамастан, дертке шалдыққан балаларда инфекциялық ағым ауыр түрде өтіп жатқанын айтады.

Ең қауіптісі, бала коронавирустан айығып, бірнеше апта өткен соң, аяқасты көпжүйелі қабыну синдромы пайда болып жатыр екен.

Ол кезде дене қызуы 38 градустан жоғарылап, денеге бөртпе шығып, конъюктивит, еріннің кезеруі, асқазан-ішек жолдарының бұзылуы сынды белгілер пайда болатын көрінеді.

Бірақ мамандар бұл сирек кездесетін құбылыс екенін, сондықтан осы симптомдарға ерекше мән берген жөн дейді.

Аяулым Көлжігіт, Алматы телеарнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1941379-balanyn-koronaviruspen-nemese-tumaumen-auyrganyn-qalai-azyratuga-bolady/