Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бір апта көрмедік": Әскерден ауру болып оралған сарбаздың досы сұмдық жайтты баяндады

Опубликовано:

Әскер
Көрнекі фото: pixabay.com

Отан алдындағы борышын атқаруға сап-сау кетіп, ауру болып оралған Қызылорда облысы Арал ауданының тұрғыны Ренат Жеткергеновке қатысты тың ақпарат пайда болды. Сарбаздың досы оқиғаның мән-жайын Астана телеарнасына айтып берді.

Телеарна дерегінше, қорғаныс министрлігі әскерде 19 жастағы сарбазға зорлық-зомбылық жасалды деген шағыммен келіспейді. Отан алдындағы борышын аяқтауға 8 күн қалғанда Ренатты үйіне жеткізіп тастаған төрт әскеридің бірі - Амангелді Көпжан.

Ол сарбаздың үстіндегі киімі бүтін болғанын, жаздық аяқ киімді өзіне ыңғайлы болуы үшін кигенін айтты. Сондай-ақ, әскери қызметкер әкесі ұлының денсаулығынан бейхабар болған деп отыр.

"Ол жерде сол кісінің Бахтияр деген ағасы болды. Сол кісі "Бір әулие бар. Мен сол әулиеден қоңырау шалып сұрадым. Сендер оны қамағансыңдар, ұрғансыңдар, сосын есінен алжастырып жібергенсіңдер" дейді. Ұрып жіберсек, ол жерге барып не қыламыз?",- дейді дивизион командирінің ТЖИЖ бойынша орынбасары Амангелді Көпжан.

Ақтау қаласындағы 25/744 Теңіз жаяу әскерлері бөліміндегілер сарбазды ұрмадық деп отыр. Тіпті, ата-анасына оны дәлелдеу үшін медициналық тексеруге алып барайық деп ұсыныс та жасаған көрінеді. Бірақ оған құлақ аспады, дейді олар.

"Баланың есі дұрыс емес болып тұр ғой. Өз-өзіне жауап бере алмайтын баладан аузынан "иә" деген сөзі ғана шықпай тұр, шығара алмай тұр",- дейді Амангелді Қожан.

Ал Ренат Женеткергенов әскерге қалай қабылданғаны, медициналық тексерістен қалай өткені туралы телеарна тілшісінің сұрағына Арал аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім жауап берді.

"Облыстық қорытынды комиссиядан өткізді, нәтиже бойынша "А" жарамды болып өтті. Бірінші сатыдағы жарамды бала. Психологиялық тестілеуден де жақсы өткен", - дейді Қызылорда облысы Арал аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы Бауыржан Қуатов.

Ренаттың әскердегі қарулас достарының бірі елге қайтардан бір апта бұрын сарбаз командирлермен сөзге келіп қалғанын айтты. Ол сол күннен бастап досын көрмепті. Ренат тек үйге қайтарда бой көрсеткен екен.

"Сөзге келіп қалған күннен бастап Ренатты бөлімнің сыртындағы казармаға алып кетті. Содан бастап Ренатты бір апта көрмедік. Пойызда көрген кезде басқа халде болды. Баяғы бір жыл қызмет кеткен Ренат жоқ. Басқа түр, танымай қалдық", - деді Бекарыс Таңатаров.

Туыстары болса, сарбазды әскери шенділер 8 күн бойы қинаған деп отыр. Оны Ренат бір сөзінде айтып қалды, дейді. Құлағын тесіп, әйел етіп аламыз деген де көрінеді. Осы жағдайдан соң оның ата-анасы тиісті орындарға шағым түсірген. Қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталған.

"Қылмыстық іс аясында тиісті сараптамалар жүргізіліп, Ренат Жеткергеновтің туыстарының барлық тұжырымы мұқият тексеріледі. Сондай-ақ, тергеудің толықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етуге бағытталған басқа да тергеу іс-шаралары жүргізіледі",- деді ҚР ҚК әскери полиция бас басқармасы басшысының орынбасары Бекен Шынтілеуов.

Автор: А.Данияр

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1941395-bir-apta-kormedik-askerden-auru-bolyp-oralgan-sarbazdyn-dosy-sumdyq-zaitty-bayandady/

pixel