RU

Ақтөбеде жұмысына салғырт қарағаны үшін экс-шенеунік сот алдына келді

Шенеунік
Көрнекі фото: Sputnik / Владислав Воднев

Ақтөбе облысының құрылыс басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары ауылдардың бірінде екі мектеп пен спорт кешенін қалай салғанын дұрыс бақыламағаны үшін сотта жауап берді. Мемлекетке келтірілген шығын шамамен 100 млн теңгені құрап отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Ақтөбе қалалық №2 қылмыстық сотының үкіміне сілтеме жасап.

Сот отырысында белгілі болғандай, Ырғыз ауданында мемлекеттік бағдарлама бойынша екі мектеп және дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынған.

Осыдан кейін мердігер фирманың басшысы бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілінген. Ол актіде атқарылған жұмыстар жайлы шындыққа жанаспайтын мәліметтер берген. Ал құрылысқа жауаптылар оған сеніп, қол қойған. Одан соң ақша мердігерге түсіп отырған.

Осылайша, компаниялар ақшаның бір бөлігін орындалмаған жұмыс үшін төлеген. Нәтижесінде мердігерге алаяқтық жасады, ал сол кезде құрылыс нысандарына жетекшілік еткен құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Күнбол Тұрымовқа өз ісіне салғырт қарады деген айып тағылған.

Алаяқтық жасады деп айыпталған азамат өз кінәсін ішінара мойындаған. Ол құрылыс барысында көлік шығындары құжатта көрсетілгеннен әлдеқайда көп болғанын айтқан.

Сөзінше, құрылыс қажеттілігі үшін су сатып алуға, ғимараттың қасбетін қайта жасауға тура келген. Тіпті, мектептердің бірі сметада бір қабатты, ал жоба құжаттамасында екі қабатты деп көрсетілген.

Ақырында құрылысты қаржыландыру тоқтатылған. Жұмысшылар таратылып, техникалар қайтарылған. Дегенмен, қиындыққа қарамастан мердігер бастаған ісін аяқтағысы келген.

Сот мердігердің жауаптарын тыңдай келе, ол бюджет қаржысын жымқырды деген шешімге келген.

Ал экс-шенеунік өз кінәсін мойындап, өзін қатаң жазаламауды сұраған. Ол облыс аумағында бірден он шақты нысан салынғанын, сондай-ақ, өзі Ресей мен Нұр-Сұлтанға іссапарға кеткенін алға тартқан.

Айтуынша, көрші мемлекетте Әлия Молдағұловаға ескерткіш, ал астанада бейбітшілік қабырғасы тұрғызылған. Осылайша, ол жұмыс жүктемесінің көптігіне байланысты мектептердің құрылысын толық бақылай алмаған.

Сот тараптарды тыңдап аталған іске қатысты үкім шығарды.

Сот үкіміне сәйкес, мердігер 6,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Одан бөлек, құрылыс басқармасына келтірілген шығынды, яғни 96 миллион теңгені өтеуге міндеттелді.

Ал бұрынғы шенеунік бостандықта қалды, бірақ екі жарым жылға бас бостандығы шектелді. Сондай-ақ, оған үш жыл мемлекеттік қызметте, коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1941513-aqtobede-zumysyna-salgyrt-qaragan-eks-seneunik-sot-aldyna-keldi/