Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қызметкерлерге қамқорлық пен сандық технологиялар SANTO-ға дәрі-дәрмектердің өндірісін арттыруға мүмкіндік берді

Жарияланған күні:

Santo
Артем Бадагов. Фото: Santo

COVID-19 індеті белең алған алғашқы күннен бастап Қазақстан отандық өндірушілерден дәрі-дәрмектердің үздіксіз жеткізілуін қажет етті. SANTO-ның HR-директоры Артем Бадагов компания осы қиын кезеңді қалай еңсергенін айтып берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

- Компанияда пандемияның алғашқы күнінен бастап қандай процестер өзгерді?

- 2020 жылдың наурыз айында коронавирусқа қатысты жағдайды талқылау үшін штаб құрған кезіміз әлі де есімде. Алдағы іс-әрекеттеріміздің жоспарын әзірлеп жатқан уақытта Қазақстанда дертті жұқтырудың алғашқы жағдайы тіркелгені туралы хабар келді. Біз сағат 18:00-ге қарай кеңсе босатылып, қызметкерлеріміз қашықтағы форматқа ауыстырылуы керек деген шұғыл шешім қабылдадық. Біздің IT-қызмет жедел түрде барлығына компьютерлер, принтерлер, сканерлер берді. Компанияда ауқымды құжат айналымының болуы аздаған қиындықтар тудырды, бірақ біз мәселенің шешімін таптық. Жылдам әрекет етуге тура келді. Себебі, ортақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету сол уақытта өзекті мәселе еді.

- Кеңседе жұмыс істеуге дағдыланып қалған қызметкерлеріңіз қашықтан жұмыс істеу режимінде өздерін жайлы сезінді ме?

- Қызметкерлеріміз компанияның қалай жұмыс істеп жатқанын, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде қандай шараларды қолға алғанын түсінуі үшін оларға қажетті ақпаратты жеткізу біз үшін өте маңызды болды. Біз үнемі смс және электронды пошта арқылы дертті жұқтыруды болдырмаудың, қол тазалығын сақтаудың, масканы дұрыс шешудің жолдарын түсіндіретін ақпарат жіберіп отырдық...

Күйзеліске тап болмауға, жұмыс пен демалыс арасындағы тепе-теңдікті сақтап қалуға, оқшаулану кезінде балалармен бірге уақытты тиімді өткізуге қатысты көптеген ақпарат бердік. Адамдарға бұл өте қажет болып шықты! Бір күні мұндай ақпаратты әдеттегі уақытынан кеш жібергенімізде, хатты күтіп отырған қызметкерлерден сұрақтар келе бастады.

Сондай-ақ, HR-директоры ретінде маған кеңсеге оралу күніне қатысты өте көп сұрақтар келе бастады. Адамдарға командада жұмыс істеу және әріптестерін көру маңызды екен. Қазір біз гибридтік режимде жұмыс істейміз. Қызметкерлер уақытының бір бөлігін үйде, қалған бөлігін – кеңседе өткізеді. Адамдардың тиімді жұмыс атқаруына және жаңа сын-қатерлер мен кез келген өзгерістерге тез бейімделуіне мүмкіндік беретін мұндай режим сандық технологиялар дәуірінде жаңа шынайылыққа айналып отыр.

- Өндірісте процесті тоқтату және қашықтан жұмыс істеу режиміне ауыстыру мүмкін емес екені белгілі. Осы орайда сіздер қауіпсіздікті қалай қамтамасыз ете алдыңыздар?

Біз бұрын-соңды қолданылып көрмеген қауіпсіздік шараларын қамтамасыз еттік. Өндірісте жұмыс істейтін негізгі мамандар зауыттың жанындағы профилакторийде тұрды. Оларға барынша жағдай жасалды. Бұл сәтте барлығы жанқиярлық көрсетіп, мұндай шаралардан бас тартқандар болмады.

Ел алдындағы жауапкершіліктің қаншалықты зор екенін барлығы түсінді. Зауыттың өзінде біз іс-жүзінде бекініс тұрғыздық. Қызметкерлер өңдеудің төрт шлюзінен өтіп жүрді. Біз оларды жұмысқа және үйіне тасымалдау үшін автобустар жалдадық, эпидемиялық жағдайдың талаптарын сақтай отырып, ыстық тағаммен қамтамасыз еттік. Осы шаралардың барлығы бекер болмады. Біздің бірде-бір қызметкерімізді дерт жұқтыруға байланысты алмастыру қажеттілгі туындамады. Оған қоса, біз өзіміздің басты міндетімізді – қазақстандықтарға аса қажет болған дәрі-дәрмектердің өндіріс көлемін арттыруды орындай алдық.

Шетелден жеткізілімдердің ауқымды тапшылығы кезеңінде біз серіктестеріміз - ауруханалар, дәріханалар мен емделушілердің үмітін ақтау үшін бәрін жасадық.

- Компания ақыры коронавируспен ауырып шыққан қызметкерлеріне қалай қолдау көрсетті?

Біз қызметкерлердің бірі ауырып қалғанын және үйінде COVID-19-дың жеңіл немесе орташа формасымен ауырып жатқанын білген бойда дереу оған вирусқа қарсы дәрі-дәрмектер мен дәрумендер жеткізіп отырдық. Барлық қызметкерлер жеке қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз етілді. Біз, сондай-ақ, Қазақстанның бүкіл аймақтарында індетпен күресуде алдыңғы шепте болғандардың барлығына – дәрігерлерге, медбикелерге, фармацевтерге ауқымды қолдау көрсеттік.

Біз оларға қорғаныс құралдарын – бетперделер, қолғаптар, көзілдіріктер, обаға қарсы костюмдер, антисептиктер жіберіп отырдық. Сондай-ақ, тәулік бойы стационарларда жүріп, отандастарымыздың өмірі үшін күресіп жүрген инфекционист-дәрігерлерді азық-түліктер жиынтығымен қамтамасыз етіп отырдық. Ынтымақтастықты сақтап, тілеулес болудың арқасында біз өміріміздегі осы қиын кезеңді еңсеріп шықтық.

- Сіздің ойыңызша, бұл тәжірибе SANTO компаниясын неге үйретті?

- Біз мұндай қиын кезеңде бірде-бір қызметкерді жұмыстан шығармағанымызды, ешкімге жалақыны азайтпағанынымызды мақтан тұтамыз. Керісінше, қызметкерлердің қанағаттанушылығына қатысты сауалнама барлығы компанияның қамқорлығын сезінетіндігін көрсетті. Бұл кезең «Адамдар бір-біріне қолдау көрсетеді» деген компанияның ұраны қызметкерлеріміздің жүрегінен орын тапқанын байқатты. Ешбір қызметкер жұмыс уақытының қалыпты болмауына, жақындарынан шалғайдағы профилакторийде жұмыс істеуіне тура келгендігіне шағымданбады. Бәрі біздің миссиямызды түсінді және сол үшін жұмыс істеді.

Және де біз цифрландыруды дамытуды жалғастырып жатқанымызға қарамастан, адамдар мен олардың арасындағы қарым-қатынас барлығына негіз болатынын нақты білеміз. Себебі адамдар асқан төзімділік пен жанқиярлықтың үлгісі бола алады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1941581-qyzmetkerlerge-qamqorlyq-pen-sandyq-texnologiyalar-santo-ga-dari-darmekterdin-ondirisin-arttyruga-mumkindik-berdi/