Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстандықтар басқа өңірлерге қоныс аударуы жайлы: Дәрігерлер, механизаторлар, электриктер пайда болды

Опубликовано:

Айбек Нуримбетовтың жеке мұрағатынан
Фото: Айбек Нуримбетовтың жеке мұрағатынан

Қазақстандықтар еліміздің өзге өңірлеріне қоныс аудару оқиғаларын айтып берді. Айбек Нуримбетов біраз жыл бұрын Өзбекстаннан тарихи отанына оралған. 18 жыл Алматы облысында тұрып, отбасымен бірге климат ауыстыруды ойлап, Солтүстік Қазақстан облысындағы Ғабит Мүсірепов ауданына қоныс аударды, деп жазады NUR.KZ.

Оңтүстіктен солтүстікке

«Біз Іле ауданындағы Привольное ауылында тұрдық, өзім құрылыс саласында жұмыс істедім, жеке кәсіпкерлікпен айналыстым. Климатқа бола оңтүстіктен солтүстікке көшуді ұйғардық: Алматының сызынан әйелімнің басы жиі ауыратын. Сөйтіп, зерттей келе, қоныс аудару бағдарламасы туралы естідім де, Жұмыспен қамту орталығына барып, барлық шарттарын білдім.Осы жылдың көктемінде көшетін жерімізді барып көріп келдім, мамыр айында-ақ көшіп кеттік», – дейді Айбек.

Тоғыз жаннан тұратын үлкен отбасы осылайша қоныс аударды. Жаңа жерді бағындыруға Айбек әйелімен ғана емес, қызы, ұлы отбасымен, тіпті туыс бауыры да аттанған.

«Бізге жаңа үй берілді, жұмыс ұсынды әрі әр адамға 204 мыңнан көшу шығыны төленді. Рахаттанып өмір сүре беруге болатын-ақ еді, бірақ бастапқыда балалардың кері қайтқысы келді. Алматыда олардың достары қалды, үйренген жерлерін сағынды, сөйтіп қайтайық деумен болды. Дегенмен бірер айдан соң жаңа жерге бойлары үйренді – қазір оларға бәрі ұнайды», – дейді ол.
Айбек Нуримбетовтың жеке мұрағатынан
Фото: Айбек Нуримбетовтың жеке мұрағатынан

Кейіпкеріміз де басында бұрын тұрған жерін сағынғанын жасырмады. Өйткені туған-туысының барлығы оңтүстікте еді. Кейін туыстары оларға қонақ болып келе бастаған. Айбектің айтуынша, туыстары да көшуді оластыра бастаған көрінеді. Көршілер бір-біріне қолдау көрсетіп, көмектеседі екен. Олар да Шымкент, Алматы, Түркістан облыстарынан қоныс аударған. Тіпті мейрамдар мен отбасылық қуаныштарды бірге атап өтетін болған.

Қазір, жарты жыл өткен соң, солтүстік Айбектің отбасына жат болудан қалды. Балалары да жұмысқа тұрды: қызы банкке кассир болып орналасса, ұлы дәнекерлеуші, келіні ауруханада мейірбике болып жұмыс істеп жүр, ал әйелі ірі қара өсіруге 583 400 теңге көлемінде грант алды. Отағасының өзі құрылыс компаниясында КамАЗ айдап жүр. Біртіндеп тамырын жая бастағандықтан, ешқайсысы оңтүстікке оралуды ойламайды. Оның үстіне, Айбектің айтуынша, жаңа климат әйелінің де денсаулығына жақты.

Айбек тұратын Ғ.Мүсірепов ауданындағы Халыққа қызмет көрсету орталығының директоры Нурлан Темиргалиев атап өткендей, қоныс аудару бағдарламасының арқасында, аудан тұрғындарының саны артып қана қоймай, негізгі бос орындарды «жабуға» мүмкіндік туған.

«Мәселен, 2019-2021 жылдар аралығындағы үш жыл ішінде 197 адам жұмысқа орналастырылды, жылына 80-100-дей бос жұмыс орны пайда болады. Шағын аудандарға келер болсақ, ол жақтарда кадрлық ресурс 100 пайыз дерлік толықты, олар – механизаторлар, электриктер, дәнекерлеушілер. Тағы бір маңызды жайт, денсаулық сақтау саласындағы мамандар табылды. Олар Солтүстік Қазақстан облысына көшіп келген стоматолог, терапевт дәрігерлер мен мейірбикелер. Жоғары оқу орнын бітірушілер ауылға барғысы келмей, қалада қалуға тырысатындықтан, бұл өзекті мәселе болатын», – деп түсіндірді Нурлан Темиргалиев.

Астанадан ауылға

Лаззат Алменова
Фото: Лаззат Алменованың жеке мұрағатынан

Лаззат Алменова Нұр-Сұлтанға медициналық жоғары оқу орнын оқуға барып, сол жақта қалып қойған. Ол бүгінгі таңдағы өте маңызды сала – дәрігер-эпидемиолог мамандығын оқыған. Қызметке тұрып, тұрмысқа шығып, екі баласын дүниеге әкелген оның өмірі ойдағыдай өріліп келе жатқандай көрінеді.

Дегенмен қиыншылықтар да кездеспей қоймады. Жолдасы – Ресей азаматы, мамандығы – психолог, астанадан мамандығына сай жұмыс таба алмаған. Пәтер жалдап тұруға тура келген, ал мегаполисте пәтер жалдау шығыны шаш етектен.

Лаззат Алменованың жеке мұрағатынан
Фото: Лаззат Алменованың жеке мұрағатынан
«Алдымен қандастарға арналған бағдарламалар туралы сұрастыра бастадық. Қоныс аудару бағдарламасын солай таптық, онда бірнеше облыс ұсынылды, біз соның ішінен Павлодар облысын таңдадық, сөйтіп Ертіс ауданынан бір-ақ шықтық. Мұнда өткен жылдың желтоқсан айының соңында көшіп келдік, өйткені Жаңа жылды өз үйімізде қарсы алғымыз келді», – дейді Лаззат.

Арман орындалды, қазір оның қоныс аударушы ретінде алған өз үйі бар әрі дәрігер-статист болып жұмыс істеп жүр. Жолдасы Бауржан Жаркентаев шағын жылыжай ашуға 200 АЕК көлемінде грант алды.

«Әрине, оң өзгерістермен қатар, қиындықтар да болды – ауыл өмірі қаланың өмірінен әлдеқайда өзгеше, әсіресе астаналық өмірден. Ауылдан Павлодарға қатынау қиын болды, банкоматтар мен терминалдар аз, такси шақырсақ, көбі карта қолданбайтындықтан, ақшаны қолма-қол төлеуге тура келетін. Дегенмен, бәріне үйренеді екенсің, оның үстіне несиеге көлік алдық, жағдай жеңілдей түсті», – дейді Лаззат.
Лаззат Алменованың жеке мұрағатынан
Фото: Лаззат Алменованың жеке мұрағатынан

Жолдасы Лаззатқа қарағанда жаңа жерге тез үйренген, оның үстіне Павлодар облысында оның туыстары тұрады. Дей тұрғанмен, Лаззаттың сөзінше, отбасы тағы басқа жаққа көшуді жоспарламайды.

«Мұнда көшіп келгендердің әрқайсысы қолжетімді баспана ала алады. Ауданның негізгі шаруашылығы – ауыл шаруашылығы. Кез келген қоныс аударушы отбасы мемлекеттен берілетін жеңілдігі бар несиемен жеке ісін ашуға немесе мал шаруашылығымен айналысуына болады», – деп мәлімдеді Ертіс ауданы Жұмыспен қамту орталығының маманы Жанаргуль Жумагулова.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстары мен Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының тұрғындары қатыса алады.

Ерікті қоныс аударуға қатысушыларға субсидия түрінде мынандай мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады:

  • қоныс аударуға – отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК-тен бір реттік төлем;
  • үй жалдауға және коммуналдық қызметтерді төлеуге отбасыға 12 ай бойы ай сайын 15-тен 30 АЕК-ке дейін:

1) қалалық жерлерге қоныс аударғандар үшін:

  • бір адам үшін 20 АЕК мөлшерінде;
  • отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса 25 АЕК мөлшерінде;
  • отбасы мүшелерінің саны бесеу және одан көп болған кезде 30 АЕК мөлшерінде;

2) ауылдық жерлерге қоныс аударғандар үшін:

  • бір адам үшін 15 АЕК мөлшерінде;
  • отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болған кезде 18 АЕК мөлшерінде;
  • отбасы мүшелерінің саны бесеу және одан көп болған кезде 21 АЕК мөлшерінде төленеді.

Сонымен бірге, қоныс аударушыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жекешелендіру құқығымен жалдамалы тұрғын үй беру мүмкіндігі қарастырылған.

Жеке бизнеспен айналысам деушілерге 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде қайтарымсыз грант қарастырылған.

Қоныс аудару бағдарламасына қатысуға өтінімді тұрғылықты жердегі Жұмыспен қамту орталығына немесе ауылдық округ әкімдігіне барып жазуға, сондай-ақ enbek.kz сайтынан да беруге болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1941675-qazaqstandyqtar-basqa-onirlerge-qonys-audaruy-zaily-darigerler-mexanizatorlar-elektrikter-paida-boldy/

pixel