Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ұлымды құтқару үшін үш адам өлтірдім": Өскеменнен шыққан киллер әйел өз оқиғасын баяндады

Опубликовано:

Көрнекі
Көрнекі фото: NUR.KZ

Аты-жөнін атамауды сұраған әйел Шымкенттегі түрмеде жазасын өтеп жатыр. Ол тапсырыспен үш адамды өлтіргені үшін 28 жылға бас бостандығынан айырылған. Қазір соның 16 жылын өтеді. Қылмыскер мұндай қадамға баруына не итермелегенін, түрмедегі қазіргі өмірі туралы айтып берді деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Жазасын өтеуші Өскемен қаласының тумасы.

Осыдан 16 жыл бұрын ұлының еміне ақша таппай, тапсырыспен адам өлтіруге келіскен.

Тапсырманы бұлжытпай орындап, оның төлемін де алған екен. Бұл ақша ұлының өмірін құтқаруға жеткенімен, әйелді соттың үкімінен құтқара алмады. Өзімен сыбайлас болған күйеуі арынан аттай алмаса керек, полицияға барып болған жайтты жайып салған. Ал, ауруынан айыққан ұлы қазір Израильде тұрады.

Журналиспен сұхбаттасуға келіскен әйел 16 жыл бұрын болған оқиғаны толықтай баяндады.

"Қылмыс 2005 жылы жасалды. 2006 жылдан бері қатаң режимдегі түзету колониясында жазамды өтеп жатырмын. Әуел баста Қарағанды облысындағы түрмеге қамалдым. 2012 жылдың қыркүйегінен бері Шымкент қаласында әйелдерге арналған колония ашылып, осында ауыстым", - деп сөзін бастады ол.

Биыл 2 қараша күні оның темір торға қамалғанына он алты жыл толған. Ал, бір айдан кейін ұлы 41 жасқа толады екен.

"Ұлым Израильде тұрады, сол елдің азаматшасына үйленген. Төрт баласы бар. Олармен үнемі байланысып, бейнеқоңырау арқылы түрлерін көріп тұрамын", - дейді алпысқа жақындаған өскемендік әйел.

Айтуынша, оның өмірін түбегейлі өзгерткен жайт – осы баласының жаттығып жүріп алған жарақаты екен.

"Ұлым еркін күреске қатысатын. Бір күні жаттығу кезінде жарақат алды. Жарақаты өте ауыр болды, омыртқасы екі жерден сынып кеткен. Елордамен Алматының дәрігерлері қарап, баламның омыртқасындағы сынған сүйектерді бір біріне қосып бере алмаймыз деді. Мүгедек болып қалатынын немесе қайтыс болатынын айтты.

Содан, интернет арқылы бірден шетелдің дәрігерлерінен көмек іздедім. Операция жасап, операциядан кейін оны ұзақ уақыт емдеп, аяғынан тік тұрғызып береміз деген Израиль дәрігерлері қыруар қаражаттың шотын қойды. Ол кезде бар мүлкімді сатсам да ондай ақша жинай алмайтын едім. 2005 жылы бәрі арзан болды...", - деген әйел өмірінде үлкен қателікке бой алдырғанын айтып, ағынан жарылды.

Ол ұлының еміне ақшаны 1956, 1963, 1970 жылғы үш адамды өлтіру арқылы тапқанын сөз етті.

Ақшасын алған дәрігелер операция жасап, жігітті құтқарған. Ұзаққа созылатын оңалтуға да ақша төлеп, әйел елге оралады.

"Сол кезде балам Израильде емделіп жатып, өзін күтіп жүрген медбикемен танысқан екен. Екеуі бір біріне ғашық болған. Сол медбикеге үйленіп, сол жақта қалды. Әкесі екеуміздің қандай қылмысқа барғанымызды әрине білген жоқ. Араға үш жыл салып күйеуім полиция қызметкерлеріне өзі берілді. Мен үйде отырғанмын, келіп ұстап әкетті. Сонда да баламызға түк айтпадық. Біз тергеуде жатқанда туыстарым оған әртүрлі сылтау айтып, ұсталғанымызды білдірмеуге тырысқан. Алайда, іші сезген шығар, билет алып келінім екеуі Қазақстанға ұшып келіпті. Дәл сол күні бізді соттап жатқан еді. Соңғы рет көзбе-көз сол 2006 жылы көрдім", - дейді киллер әйел.

Сөзіне сенсек, тапсырыс берушіні және өлтіру себебін ол сол күйі білмей кеткен.

"Мен тек орындаушы болдым. Тергеу тапсырыс берген адамды таба алмады", - деп, бұл сұрақтың жауабын қысқа қайырды.

Түрмеден босаған соң, бірден туған жерім Өскеменге барамын дейді ол. Қазір шығыста екі әпкесі мен туған-туыс, аға-бауырлары өмір сүреді.

"Бостандық десе, туған жерім есіме түседі. Туған үйімді еске аламын. Бостандық деген мен үшін жақындарымның жанындағы өмір. Ара-тұра түрмеге кездесуге келетін екі күн емес, күнде таңертең тұра сала телефон соғып, туған әпкеммен сөйлесіп тұрсам, мен үшін бостандықтың дәмі сол еді", - дейді әйел.

Соттың шешімі бойынша киллер әйел күйеуімен сөйлесе алмайды. Сот жолдасын 25 жылға қамаған. Ал әйелдің өзін прокурор 16 жылға қамауды сұраған екен.

"Бірақ, дәл сол жерде судья оның арызын қанағаттандырған жоқ. Аз ба, көп пе білмеймін, 28 жыл берді. Бірақ, сотты да, тергеуді кінәламаймын. Шешіммен келіспеймін деп ешқайда арызданған жоқпын. Өйткені, мені біреудің қылмысы үшін емес, менің қылмысым үшін соттады", - дейді қасқая жауап берген әйел.

Осылайша, өскемендік әйел рұқсат етілген жарты сағат ішінде жарты ғасырдан асатын өмірін баяндап беруге тырысты.

"Он алты жыл өтсе де, ар азабынан айрыла алмадым. Әлі күнге дейін іштей өзімді жеймін. Және менің түсінгенім, бұл азап ешқашан таусылмайды екен. Сондықтан, қазір бостандықта жүрген адамдарға айтарым, тіпті "шешімі жоқ" деген тығырыққа тірелсеңіз де ешқашан қылмысқа бармаңыз.

Маған сеніңіздер, өмірде кез келген проблеманың шешімі бар. Менің қателігімді қайталамаңыздар. Өміріңіздің соңына дейін өкінесіз.

Сол кезде қылмыстан басқа жол іздейтін күш-жігерім болғанда, "қой" деп бір ауыз сөзбен тоқтала алатын мінезді күйеуім болғанда, мен қазір қапаста отырмайтын едім. Мен тек ақшаны ойлап, байбаламға салындым. Ақша бәрін шеше алмайды. Сондықтан, дәл қазір ақшадан, болмаса басқа нәрседен қорқып жүргендердің тым болмағанда бір пайызы ақылыма көнсе, қылмыстан басқа жол іздеңіздер", - деп сөзін аяқтады киллер әйел.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1941753-ulymdy-qutqaru-usin-us-adam-oltirdim-oskemennen-syqqan-killer-aiel-basynan-otken-oqigany-bayandady/

pixel