Денсаулығы нашарлаған: 12 жылға бас бостандығынан айырылған Еркін Ізбасар түрмеден шықты
Жарияланған күні:
Қазақстанда "төрт ағайынды" лақап атымен танымал, ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы деп танылған Еркін Ізбасар денсаулығына байланысты абақтыдан шықты, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Анасының айтуынша, ұлының денсаулығы күрт нашарлаған. Сол себепті ол қазір жақындарының қасында.
"Баламның келгені кеше. Денсаулығына байланысты шығарылды. Жағдайы өте нашарлап кетті. Оған төрт рет ота жасалды. Өзім 30 жыл жұмыс істеген дәрігермін, осы баланың денсаулығына өзім қараймын",- дейді анасы Мейрамхан Ізбасарова.
Үш жыл Шығыс Қазақстан облысындағы абақтыда жазасын өтеген Еркін Ізбасар Ақтөбеге әуе тасымалы арқылы жеткізілген.
Белгілі болғандай, Еркін Ізбасарды денсаулығына байланысты босату туралы ұсыныс 21 қазан күні №2 Өскемен қалалық сотында қаралған. Ұсынысты Шығыс Қазақстан облысы бойынша ОВ-156/20 қылмыстық- атқару жүйесі департаментінің басшысы түсірген.
"Сот арнайы медициналық комиссияның қорытындысын ескеріп, сотталушының денсаулығының ауырлығын және тараптардың пікірлерін қарап, сотталған І-дің денсаулығы қалпына келгенше босатты. Сотталған адамның мінез-құлқын бақылау үкімді орындайтын органға жүктеледі. Қазіргі уақытта қаулы күшіне енді", - деп хабарлайды Өскемен қалалық сотының баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Еркін Ізбасар 2018 жылы Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен 12 жылға бас бостандығынан айырылған еді.
Оған қылмыстық топ құрды, мұнай ұрлады, мұнай ұрлығымен айналысты, рейдерлік жолмен бизнесті тартып алды деген айып тағылған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1941777-densaulygy-nasarlagan-12-zylga-bas-bostandygynan-aiyrylgan-erkin-izbasar-turmeden-syqty/