RU

"Реніш болмасын": Ғалым Байназаров теңгеге неліктен Сүйінбай, Абай, Құрманғазы портреті таңдалғанын түсіндірді

Ғалым Байназаров
Фото: Egemen.kz

Теңгенің айна­лым­ға енгеніне биыл 28 жыл толды. Төл валютамызды енгізуге еңбегі сіңген ұлттық банктің алғашқы төрағасы, қаржыгер Ғалым Байназаров Егемен Қазақстан басылымына сұхбат беріп, теңгенің дизайнын жасауда нендей нәрсеге мән берілгенін еске алды.

Ғалым Байназаров сұхбатта ұлттық валютаның пайда болу тарихынан жұртқа беймәлім, тың деректерді келтіреді. Әсіресе қаржыгер теңгенің дизайнын жасауда кездескен қиындықтар мен қызықтарға ерекше тоқталған.

"Теңгенің дизайнын жасау бойынша шетелдік мамандармен ақылдастық, дизайн банкнот құнының 30-40 пайызын алады екен. Қымбат дүние. Сосын дизайн даярлауға екі жылдай уақыт кететіні белгілі болды.

Мұндай ұзақ уақыт біз үшін мүмкін емес болатын, себебі экономика күн сайын құлдырап, толығымен дефолттық жағдайға құлап бара жатты. Олай болса, бізде талантты суретшілер бар, солар әуелі сызбасын салсын, сосын ол жараса, соны өндірістік дизайнға айналдырып бастыруға жіберейік дедік.

Бұл бастаманы біздің басшылар да, «Хариссон және ұлдары" (банкноталарды басып шығарған мекеме атауы - ред) компаниясының мамандары да қолдады. Оның бір себебі – ол кезде Ұлттық банк мен келгенге дейін дербес табысы жоқ, тақырға отырған мекеме еді, Мәскеудің беретін қаражатымен күн көретін. Мынадай тапсырыстарды орындау үшін оған табыс керек болды.

Біз бұл мәселенің шешімін тауып, Ұлттық банкті өзіндік табысы бар мекемеге айналдырдық. Жоғарыдағы тапсырыстарды атқарып шығу үшін мемлекеттік бюджеттің бір тиын қаражаты жұмсалған жоқ, Ұлттық банктің өз табысы жеткілікті болды. Алматыда мемлекеттік дизайн орталығы бар болатын. Басшысы – Тимур Сүлейменов. Елге сыйлы мықты аза­мат еді.

Сонымен келісіп, Мең­ді­бай Әлин, Хайролла Ғабжәлелов, Ағымсалы Дүзелханов және басқа төрт-бес сәулетші, суретші жігіттердің басын қосып, Үкімет берген таудағы саяжайыма апарып, олар сол жерде бір ай бойы жұмыс істеді", - дейді Ғалым Байназаров.

Қаржыгер отандық суретшілер теңгенің төрт нұсқасын дайындағанын айтады.

Сондай-ақ ол банкнотада бейнеленетін тарихи тұлғалардың кездейсоқ таңдалмағанын түсіндірді.

"Жеті номинация болды: біріншісінде Әл-Фараби бейнеленді. Одан бөлек Сүйінбай Аронұлы, Құрманғазы Сағырбайұлы, Абай Құнанбайұлы бар. Үшеуі – үш жүздің өкілі. Ертеңгі күні реніш болмасын деп жүз мәселесін де ескердік. Шоқан Уәлиханов пен Әбілхайыр, Абылай хандарға да теңгеден төр бұйырды.

1992 жылдың қараша айында Лондон қаласында валютаның өндірістік дизайны жасалды, содан соң желтоқсан айында Англияға барып тапсырысқа қол қойып келдім. Теңгені жасау жұмысы 120 күннің ішінде тәмамдалды. Біздің жасаған валютамыз өте сапалы, 14-18-ге дейінгі аралықта қауіпсіздік элементтері болды", - дейді ұлттық банктің бұрынғы төрағасы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1942249-renis-bolmasyn-ulttyq-banktin-algasqy-toragasy-tengege-nelikten-suiinbai-abai-men-qurmangazynyn-portreti-tandalganyn-tusindirdi/