Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматы облысында полицейлерге ұрлық жасады деген айып тағылды: Іске қатысты жаңа деректер шықты

Жарияланған күні:

Полицейлер
Көрнекі сурет: Алматы облысы ПД баспасөз қызметі

Бұған дейін Алматы облысында қарақшылық шабуыл жасады деген күдіктінің анасы полицейлерді ақша жымқыруға қатысы болуы мүмкін деп айыптаған еді. Белгілі болғандай, қазір ұрлық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Алматы облысының полиция департаментіне сілтеме жасап.

22 жастағы жігіт ағымдағы жылдың қазан айында Еңбекшіқазақ ауданында ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінген.

Жәбірленуші – 32 жастағы Алматы тұрғыны, бірнеше рет пышақ жарақатын алған ол тірі қалды. Ер адам әлі де дәрігерлердің бақылауында ауруханада жатыр.

Анықталғандай, күдікті пышақпен қаруланып, бұрын Toyota Camry 70 көлігін сатып алуды ұсынған жәбірленушімен Есік қаласында кездескен. Ол шетелдік көлікті жалға алды. "Мәміле" жасаған кезде жігіт сатып алушының кеуде тұсына пышақ сұғып, оның 10 миллион теңгесін иемденіп, оқиға орнынан бой тасалаған.

Полицейлер күдіктіні Алматыдағы СПА-салондардың бірінде ұстады. Ұрланған ақша оның қонақүй бөлмесінде тәркіленді. Көп ұзамай жас жігіт қолма-қол ақшаның көп бөлігін жоғалтқанын хабарлады. Күдіктінің анасы бұған полиция қызметкерлерінің қатысы бар деп отыр.

Ал бақылау камераларындағы бейнежазбада медициналық бетперде киген ер адамның полиция қызметкерлері тінтуге дейін қонақүй бөлмесіне кіргені, ал тәртіп сақшылары мен ұсталған адам аулада болғаны жазылған.

Өз кезегінде полиция күдіктінің арызынан соң Қылмыстық кодекстің 188-бабы (Ұрлық) бойынша іс қозғалғанын мәлім етті.

"Бұл тергеу ерекше бақылауда. Қазір қонақүйдің қабаттарындағы және ауласындағы бейнебақылау камералары тексерілуде. Бөлмеге кірген ер адамның жеке басы анықталып жатыр. Яғни, барлық қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. Оның нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады", – деп хабарлады Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полицейлер қарақшылық шабуыл жасады деген күдіктінің қамауда екенін түсіндірді. Оған қатысты Қылмыстық кодекстің 192-бабы 4-бөлігі (Денсаулыққа ауыр зиян келтіріп, аса ірі мөлшерде жасалған тонау) бойынша тергеу жалғасуда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1942428-almaty-oblysynda-policeilerge-urlyq-zasady-degen-aiyp-tagyldy-iske-qatysty-zana-derekter-syqty/