RU

Алматы облысында жыл басынан бері 50 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды

Шенеунік
Көрнекі фото: pexels.com

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы Алматы облысында қандай нәтижелер көрсеткенін өңірдегі Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы айтып берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Негізгі нәтижелер

Алматы облысы жұмыссыздықты қысқарту бойынша мемлекеттік шараларды іске асырудың жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Мұнда жыл өткен сайын жұмыспен қамтылғандар саны артып келеді. Биыл 52 мыңдай жұмыс орны құрылды.

«Құрылған жұмыс орындарының саны 2018 жылмен салыстырғанда 1,7 есеге артты. Үш жыл бұрын 31 мың адам жұмыспен қамтылған болса, биылғы жылдың 1 қарашасындағы, яғни 10 айдағы жағдай бойынша бұл сан 52 мыңға жетті», – деп атап өтті, Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы.

Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Халықты жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Әлия Есімжанованың айтуынша, мұнда «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы зор рөл атқарыпты. Бағдарлама тиімді жұмыспен қамтуға және осы жылдың 2 тоқсанында облыс бойынша 4,8% болған жұмыссыздық деңгейінің кемуіне ықпал еткен.

Айта кетерлігі, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының үш бағытының ішінде халық көбінесе еңбек нарығын дамытуға қатысуға талапты, соның ішінде қоғамдық жұмыстарға. Биыл қоғамдық жұмыстарға 18 мыңдай адам жіберіліпті, осылайша жоспар 127% орындалған.

Қоғамдық жұмыстардың мерзімі 12 айдан аспайды, ал жұмыстарды халықты жұмыспен қамту орталықтары жұмыстың 60 түрі бойынша жұмыс берушілерден келген өтінім негізінде ұйымдастырады, оған саябақтар мен ескерткіштерді абаттандыру және көгалдандыру, архив жүргізу, мүгедектігі бар балалармен жұмыс істеу, курьерлік жұмыс, мәдени іс-шаралар өткізуге көмектесу, жалғызбасты қарттарға көмектесу, сауықтыру жұмыстары, халыққа әлеуметтік көмек көрсету және т.б. кіреді.

«Қоғамдық жұмыстарға көбінесе жұмыссыздар, жазғы демалыс кезінде студенттер мен жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары, жұмысы тоқтап қалуы себепті жұмыспен қамтылмаған тұлғалар тартылған», – дейді Әлия Есімжанова.

Жас кадрларды қолдау

Алматы облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасындағылар атап өткендей, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы облыстағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға, соның ішінде жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға айтарлықтай дәрежеде әсер еткен.

Бүгінгі таңда «Еңбек» мемлекеттік бағдарламалар аясында жастарды жұмыспен қамту органдары арқылы жұмысқа орналастыру және олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру жұмыстары жалғасуда.

«Соның ішінде, 2021 жылдың 2 тоқсанында жұмыссыз жастар саны – 9859 адам, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі – 3,4%. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы жас мамандардың кәсібі білімін жетілдіруге, бастысы – тұрақты жұмыс орнын табуға ықпал етті. Бүгінде жастарды жұмыспен қамту жөніндегі қажетті шаралар жалғасын табуда. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын тиімді іске асыру мақсатында бұқаралық ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді өңірдегі Жұмыспен қамту басқармасындағылар.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2021 жылдың 1 қарашасына дейін жастар арасында 8 919 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. 810 адам кәсіптік оқуға жіберілген. 872 адам шағын несие алса, соның 157-сі жастар, 409 адам жаңа бизнес-идеяларды дамытуға грант алған.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының үшінші бағыты – «Еңбек нарығын дамыту» бойынша жастар арасынан 1648 адам жастар практикасына, 222 адам әлеуметтік жұмыс орнына, 4238 адам қоғамдық жұмысқа жіберілді.

Сонымен қатар «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының үшінші бағыты аясында биыл алғаш рет өңір бойынша жұмысқа орналастыру бойынша жаңа құралдар – «Алғашқы жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісім-шарты» енгізілді.

Осы жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша «Алғашқы жұмыс орны» жобасына жоспардағы 125 адамның орнына 139 адам жіберілді, ал «Ұрпақтар келісім-шарты» жобасы бойынша жоспарланған 42 адамның орнына 51 адам жіберілді.

Жалпы алғанда, соңғы 4 жылда Алматы облысында жұмыссыздың деңгейінің азайғаны байқалады. Осы уақыт аралығында 223 мыңдай жұмыс орны құрылды, соның ішінде 146 мыңы тұрақты жұмыс орны.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыспен қамтудың белсенді формасымен 83,2 мың адам қамтылды, 5,9 мың адамға жалпы сомасы 26,7 млрд теңге болатын шағын несие берілді, сондай-ақ 3,3 млрд теңге сомасында 7 мың грант берілді.

Әлия Есімжанованың айтуынша, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру, әсіресе пандемия кезінде жұмыссыздықтың көбеюіне жол бермеуге ықпал еткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1942510-almaty-oblysynda-zyl-basynan-beri-50-mynnan-astam-adam-zumyspen-qamtyldy/