Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкентте жол салынып жатқан жерден саяси қуғын-сүргін құрбандарының сүйектері табылды

Опубликовано:

жол
Көрнекі фото: Facebook

Шымкентте саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың бейітінің үстіне жол салына бастады. Құрылысшылар жер қазып бастаған бетте қабірлерге кезіккен. Қазір құрылыс жұмыстары уақытша тоқтап тұр, деп хабарлайды 31 арна.

Телеарнаның ақпаратынша, сталиндік репрессия жылдарынан бері бұл жер Қайтпас деп аталады. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды тура осы екі сайдың ортасында атқан деседі.

Тарихшылардың айтуынша, мұнда жүздеген адамның мүрдесі жатыр. Ауыл тұрғындары жазықсыз атылғандар жерленген жерге тиіспеуді талап етсе де, шенеуніктер жол салуға рұқсат еткен.

Құрылыс басталған кезде жер астынан адам сүйектері табылды. Мұны естіген тұрғындар қарсылық білдіріп, құрылысты бірден тоқтатты. Дереу полиция шақыртылып, қабірді аршуға кірісті. Арада 80 жыл өтсе де, қуғын-сүргінде атылған құрбандардың сүйегі сол күйі сақталған екен.

"Топосъемка, бас жоспарда мазарат бар деп көрсетілмеген. Мен өзім ештеңе шеше алмаймын. Әзірге тоқтап тұрмыз, жұмыс жүріп жатқан жоқ. Негізі жоба берілген, сол бойынша істеп жатырмыз", - деді мердігер компанияның учаске басшысы Әлішер Ханәлиев.

Қайтпас елді мекенінде тұратын көнекөз қария Өлмесхан Жәнібеков зұлмат жылдардың саясаты жайлы көп естідім дейді.

"Сайдың өн бойында жасырын жазалау орындары болды. Түн ортасында байларды, оқыған-тоқығанның бәрін халық жауы деп, сайға түсіріп, атқан. Сосын бетін шала жауып кете барған", - дейді қарт тұрғын.

Қазір жол құрылысы уақытша тоқтап тұр.

"Жобалаушыға ұсыныс беріп, осындай жәйттар орын алып жатқанын айтамыз. Мүмкіншілік болса, жобаны ауыстыру немесе жылжытудың жолын қарастырамыз", - деді Шымкент қалалық құрылыс басқармасының бас маманы Шәміл Аманқұлов.  

Қорымды қорғап қалуға тырысқан ауыл халқы енді үкіметтен көмек сұрап отыр. Олар бұл жерді мемлекет қарауына алуды сұрайды. Ал мердігерлер құрылысты киелі аумақтан әрірек жалғастырса деген ниетте.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1942762-symkentte-zol-salynyp-zatqan-zerden-sayasi-qugyn-surgin-qurbandarynyn-suiekteri-tabyldy/

pixel