RU

Ұлттық қордан тартылған қаражат қайда жұмсалады

Фото
Фото: Премьер-министрдің ресми сайты

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев сенаттың жалпы отырысында 2022 жылы республикалық бюджет кірісі 9,2 трлн теңгені құрайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Қазақпарат.

Оның сөзінше, республикалық бюджеттің кірісі 2022 жылы болжам бойынша - 9,2 триллион теңгені, 2023 жылы – 9,7 триллион теңгені, 2024 жылы - 10,4 триллион теңгені құрайды.

Кепілдендірілген трансфертті 2022 жылы – 2,4 триллион теңге, 2023 жылы – 2,2 триллион теңге және 2024 жылы 2 триллион теңге мөлшерінде айқындау ұсынылып отыр.

"Осыны ескере отырып, Ұлттық қордан сәйкес үш жылға кепілдендірілген трансферт туралы заң жобасы әзірленді", - деді министр.

Әсет Ерғалиев тартылатын қаражат республикалық бюджеттен төленетін ортақ және мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдеріне жұмсалатынын жеткізді.

Қосымша ұлттық қордан келесі жылға 550 миллиард теңге, одан кейінгі екі жылға 400 миллиард теңгеден нысаналы трансферт тарту жоспарланған.

"Бұл қаражатты "Нұр-Отан" партиясының сайлауалды бағдарламасының іс-шараларын қаржыландыруға бағыттау ұсынылады. Жоспарланып отырған трансферттерді ескере отырып мұнай бағасы барреліне 60 доллар болған кезде мұнай секторынан Ұлттық қорға түсетін түсімдер болжам бойынша 2022 жылы 2,5 триллион теңгеден 2024 жылы 3 триллион теңгеге дейін ұлғаяды. Осы аралықта Ұлттық қордың валюталық активтері де 55,3 миллиард доллардан 61,6 миллиард долларға дейін артады деп болжануда", - деді ол.

Айта кетейік, бүгін ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев сенаттың жалпы отырысында "Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы" және "Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы" заң жобасы туралы баяндады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1942763-ulttyq-qordan-tartylgan-qarazat-qaida-zumsalady/