Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қоғам қайраткері жоғары сынып қыздарына келін болуды үйрететін сабақ өткізуді ұсынды (видео)

Опубликовано:

қоғам қайраткері
Фото: Instagram/orazkul_asangazy

Таразда өткен "Анаға тағзым" республикалық аналар форумына қатысқан Оразкүл Асанғазы елімізде жас аналарға үлгі болатын көпбалалы, батыр аналарды телеарналар арқылы насихаттауды, сондай-ақ жасөспірім қыздарға болашақта үлгілі келін болуды үйрететін сабақ өткізуді ұсынды, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Мемлекет және қоғам қайраткері форумда сөйлеген сөзінде елімізде отбасы құруға асықпайтын жастардың көбейгеніне алаңдаушылық білдірді.

"Менің айтатыным, қыздарымызды тұрмысқа беруіміз керек. Ана болу - Алла тағаланың қызға берген тапсырмасы. Ұлы даланы қазақтың перзентіне толтыру үшін қыздарымыз уақытылы күйеуге тиюі керек. Медицинаның дәлелдегені 22-23-інде ер жеткен жігіттеріміз үйленуі керек, бой жеткен қыздарымыз күйеуге тиюі керек. Міне, ең үлкен жұмыс осы болуы тиіс. Біз кешегі Ұлжан мен Зереден үлгі алуымыз керек", - деді ол.

Қоғам қайраткері көтерген тағы бір мәселе - телеарналардан көрсетілетін шоулардың орнына алтын құрсақты батыр аналарды насихаттау.

"Осы залда қазақтың көк туын талай жарыстарда желбіреткен, алыптарды туған аналар отыр. Осындай аналарды насихаттау керек. Біздің көпбалалы аналарымызды кім таниды? Ешкім де танымайды. Неге олар телеарнаға шықпайды? Кім үшін ол телеарна? Он баласының батыр болуы, басқа болуы шарт емес. Өз нанын өзі тауып, иманды болып, әкесі мен шешесін бағып отырған баласы бар аналардың барлығы телеарнадан сөйлеп, келіндерін қалай ұстап отырғанын айтуы керек", - деді Оразкүл Асанғазы.

Қоғам қайраткерінің сөзінше, қазір қоғамда білім бірінші орынға шығып, тәрбие екінші орынға ығысқан.

"Біз қыздарымызға білімді болуды, мансап қууды үйреттік. Ананың бірінші білетіні - рухани дүние болуы керек. Рух деген ол - тіл, ол - тек. Қыздарымызға жоғары сыныпта бесік жырын айтудан, күйеуін күтуден, ата-енесін күтуден сабақ өткізу керек. Қазір бәрі білімге көшіп кеткен, білім емес бізге - руханият қажет", - деді ол.

Айта кетейік, Таразда өткен аналар форумына еліміздің әлеуметтік-экономикалық саласына, мәдениет, спорт, бизнес, білім мен ғылымның дамуына үлес қосып жүрген әйелдер, көпбалалы аналар қатысқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1942788-qogam-qairatkeri-zogary-synyp-qyzdaryna-kelin-boludy-uiretetin-sabaq-otkizudi-usyndy-video/

pixel